Руханият

Шартарап тамсанған бас қала

Астана – ел жүрегіне айналған «Әсем қала». Әр жанның жүрегінде ерекше сақталған «Ару қала». Астана – тәуелсіз еліміздің бас қаласы, отанымыздың жүрегі, мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің ордасы. Есілдің жағалауында орналасқан айбынды Астанамыз биыл 25 жасқа толып отыр. Осыған орай, облыстық бейнелеу өнері музейінде «Менің сүйікті қалам – Астана» атты музей сабағы өтті. Бұл музей сабағына жазғы мектеп жанындағы лагерьдің әр түрлі жастағы оқушылары келіп қатысты.

Астана
Суреттр автордан

Астана тарихы жайлы қысқаша мағлұмат, бейнелеу өнері шығармалары негізінде ақпараттар берілді.

Шарада көрсетілген туындылар оқушыларға ерекше әсер қалдырды. Балалар «Әсем қала» жайлы өздері естімеген түрлі деректермен танысты.

Сабақты өткізудегі басты мақсат – өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, сонымен қатар, жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін дамыту.

– Сабағымыздың мақсаты – балаларға елордамыз, оның тарихы туралы мол мағлұмат беру. Сонымен қатар, біздің қарағандылық суретшілердің туындыларын пайдалана отырып, Астанамыздың өсіп-өркендеуін, жылдан-жылға көркейіп келе жатқандығын көрсетуге ұмтылдық. Мысалы, Сергей Даниловичтің кенеп, майлы бояумен жазылған туындысы «Мерекелік Астана» деп аталады. Мұнда Астана және оның ортасында «Бәйтерек» бейнеленген. Астананың 25 жыл бұрынғысы мен бүгінде қалай өзгергенін көрсеткен. Осы күні Астана гүлденген. Сондай-ақ, басқа да суретшілеріміздің туындыларын негізге алдық,– деді облыстық бейнелеу өнері музейі, ғылыми-әдістеме бөлімінің басшысы Мейрамгүл Елубаева.

Астана

Арман қалаға арналған туындылар мұнымен шектелмейді. Соның ішінде, Л.Дроздованың «Ашық аспан астында», М.Аманбаевтың «Мыңжылдықтар тоғысында» атты туындылары көрермен назарына ұсынылды. Көрсетілген туындыларда Астананың ерекше көрінісі бейнеленген. Әр туынды көрген жанды бейжай қалдырмайтын көркем шығармалар.

Шараға қатысқан әр оқушы Астана жайлы біліп, оның тарихымен терең танысты. Астана жайлы жүрекжарды тілектерін айтып, өлеңдерін арнады.

– Әр елдің астанасы мемлекеттің – алтын бесігі. Ол – мемлекеттің бет-бейнесі, оның жүрегі. Біздің елордамыз Астана күннен-күнге дамып келеді. Ол – болашақтың қаласы. Тарих үшін бұл қас-қағым сәт. 25 жыл ішінде еліміздің бас қаласы – Астана шартарапты түгел тамсандырған тарихи құбылысқа айналды, – дейді облыстық бейнелеу өнер музейінің ұжымы.

Қарақат ҚҰРМАШЕВА,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің II курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button