АймақҚарағанды

Шарапаты мол шешім

Қала тіршілігін адамның жүрек соғысына теңесек, ондағы әр көше, әр бұрылыс, әр жарық шам осында өмір сүретін әрбір қала тұрғынының арманынан жаралғандай. Кеншілер астанасының бүгінгі бейнесі мен ертеңгі болмысын айқындайтын облыстық мәслихаттың XXVI кезектен тыс сессиясы қаланың тамырына қан жүгірткен, болашағына бағдар берген маңызды жиын болды. Сессияның күн тәртібінде қаралған әр мәселенің маңызы ерек. Мәселен су ресурстарының әділетті тарифінен бастап, шалғайдағы Ақтоғай мен Балқаш арасын жалғайтын жаңа автобус бағыты, Қарағанды мен Балқаш арасындағы теміржол бағыты – тұтас бір аймақтың қарым-қабілетін арттыратын тірек. Ал, Қарағандыны дамытудың бас жоспарын келешек десек, артық айтқандық емес. Кезектен тыс XXVI cессияда облыстық мәслихат депутаттары қаланың бас жоспарын мақұлдады. Енді құжат келісу және түпкілікті шешім қабылдау үшін үкіметке жіберіледі.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Бас жоспар: армандар картасы

Сессияда Қарағанды қаласының Бас жоспары бойынша жүргізілген жұмыстардың қорытындысы мен оны бекіту мәселесі талқыланды. Қала әкімі Мейрам Кожухов өз баяндамасында жобаның төрт кезеңнен тұратын кешенді құрылымын баяндады. Атап айтсақ, талдамалық, тұжырымдамалық, жобалық және қорытынды кезеңдері жөнінде егжей-тегжейлі әңгімеледі.

– 2025 жылғы 1 сәуірде мемлекеттік қала құрылысы сараптамасынан оң қорытынды алынып, барлық уәкілетті органдар мен ұйымдар тарапынан келісімдер жиналды. Бас жоспардың түпкі мақсаты – Қарағанды қаласының 2040 жылға дейінгі және 2055 жылға дейінгі тұжырымдамалық мерзімдегі тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Қала аумағы Көкпекті кенті мен «Сарыарқа» әуежайын қосу есебінен 50 061 гектарға дейін ұлғайды. Халық саны 614,9 мың адамға жетеді деп жоспарлануда, – деп атап өтті Мейрам Мұратұлы.

Жоба аясында 36 жаңа мектеп, 44 балабақша, 10 денсаулық сақтау нысаны, 10 спорт кешені, 300 шақырымға дейін велосипед жолдары қарастырылған.

Сонымен қатар, қаланың инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтеріледі. Нақтырақ айтсақ, 1 700 шақырым көше-жол желісі, 7 көлік айрығы мен 9 жол өтпесі, жаңа магистральдар мен экспресс бағыттар жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, қаланың көлік, энергетикалық және инженерлік инфрақұрылымының барлық салалары жаңғыртылмақ. Мәселен, электрмен жабдықтау бағытында жаңа қосалқы станциялар салынып, газбен қамту жүйесі кеңейтіледі. Ал, ЖЭО-4 құрылысы стратегиялық резерв ретінде қарастырылуда.

– Бас жоспар – болашақтың бастауы. Ол тек құрылыс жоспары емес, азаматтарға арналған өмір сүру сапасын арттыру құралы. Қаланың жаңғыруы – әрбір тұрғынның әл-ауқатының артуы, – дейді Мейрам Мұратұлы.

Жасыл экономика мен экология – Қарағанды қаласының жаңа даму стратегиясының өзегі. Стратегиялық экологиялық бағалау (СЭБ) нәтижелері қалада жасыл белдеулер мен рекультивациялық жобалардың кеңейтілуін көздейді.

– Қазіргі уақытта 2581 гектар жер түрлі техногендік бұзушылықтарға ұшыраған. Оның ішінде, 207 гектар ғана рекультивация сатысында. Алдағы уақытта бұл көлем бірнеше есеге ұлғаяды, – деп атап өтті қала әкімі баяндамасында.

Сондай-ақ, Қарағанды айналасындағы орман алқаптары мен санитарлық-қорғау аймақтары сақталып, жасыл аймақтар 2727 гектарға дейін жеткізілмек. Қаланы айнала қоршаған орман белдеуі қала экологиясын оңтайландыруда үлкен рөл атқарады.
Жасыл аймақтарды ұлғайту қала тұрғындарының жайлы өмір сүруіне бағытталған кешенді сая­саттың құрамдас бөлігі екенін айта кеткен жөн.

Жол – байланыс артериясы

Облыстық мәслихат сессиясында облысішілік қатынастар тізбесіне енгізілетін маңызды өзгерістер туралы да сөз қозғалды.

Облыс тұрғындарының көптен күткен сұранысы – «Қарағанды-Ақтоғай-Балқаш» бағыты бойынша жаңа автобус маршруты қосылды. Өйткені, халық арасында бұл маршруттың қажеттілігі жоғары. Оның жүзеге асырылуы Ақтоғай ауданының көліктік оқшаулануын жеңілдетіп, Балқаш қаласымен тұрақты байланысты қамтамасыз ететіні анық.

Жаңа бағыт жергілікті қауымдастықтардың сұранысына тікелей жауап ретінде қосылды. Жолаушылар легінің тұрақтылығы мен жүктеменің жоғары болуы – маршруттың болашақта тұрақты қатынас ретінде сақталуына негіз болып отыр. Бұдан бөлек, бұл бағыт өңірдегі ішкі көлік жүйесінің интеграциялануын қамтамасыз ететінін айта кету керек.

Жаңа маршрут әлеуметтік маңызға ие қатынастар тізбесіне ресми түрде енгізіліп, әділет департаментінің оң қорытындысымен және салалық комиссия отырыстарының шешімімен бекітілген.

Сессияда қаралған келесі мәселе әлеуметтік маңызы бар ауданаралық және қала маңындағы жолаушылар қатынасының тізбесіне өзгерістер енгізу жөнінде болды. Мұнда теміржол бағыттарының атауларын стандарттау мен нақтылау мәселесі көтерілді.

Бұл өзгеріс пойыз қозғалысының логистикасын нақтылау мақсатында жүзеге асырылып отыр. Сонымен қатар, облыс тұрғындары үшін жағымды жаңалық – жазғы туристік маусымда «Қарағанды-Балқаш» бағытында қосымша жолаушылар пойызы іске қосылмақ.

Бұл бағыт Балқаш аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетіп, ішкі туризмді ынталандыратын қуатты құралға айналады.

– Қарағанды ​​қаласының қазіргі бас жоспары 2007 жылы бекітілді. Ал, қазір ол жоспар көп жағынан маңызды емес. Бүгін сіздердің назарларыңызға қаланың жаңа Бас жоспары ұсынылып отыр. Тұрақты комиссиялардың отырыстарында облыстық мәслихат депутаттары 50-ден астам ұсыныс енгізді, олар да осы жобада ескерілген. Жоба кеңінен қоғамдық талқылаудан өтіп, мұқият қаралып, қала құрылысы сараптамасының оң қорытындысын алды. Бас жоспар – болашаққа жасалған маңызды қадам. Бұл – жоспарлау мен жобалау жұмыстарының бастауы. Ол қаланың даму бағытын белгілеп, болашағын айқындайды, – деп атап өтті Нұркен Сайфиддинұлы.

Мәслихат қабылдаған шешімдерді іске асыру мәселелері депутаттық корпустың бақылауында болады.

Халық игілігіне бағытталған нақты істер

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев сессия қорытындысында депутаттарға ризашылығын білдіріп, атқарылып жатқан жұмыстардың маңызын атап өтті.

– Бүгін қабылданған шешімдер – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар. Атап айтсақ: жер үсті су көздерін пайдаланғаны үшін төлемақы ставкаларын бекіту, «Қарағанды-Балқаш» пойызы, жаңа автобус маршруттары, бас жоспар – бұлардың барлығы әлеу­меттік тұрақтылық пен аймақтық даму кепілі. Бас жоспар – қаланың келешек келбеті. Тұрғындардың жайлы өмір сүруіне бағытталған бастамалар үшін депутаттарға алғысымды білдіремін, – деді аймақ басшысы.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button