Отандық машина жасау тарихында тұңғыш рет автобустардың шанақ элементтері халықаралық сапа стандарттары бойынша сертификатталған қазақстандық металды пайдалана отырып шығарылатын болады.
«Qarmet» компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, металлургиялық комбинат Саранда орналасқан «QazTehna» зауытында шанақ бөлшектерін жаңа штампылау өндірісі үшін 08КП маркалы мырышталған болат жеткізуге кірісті.

Осылайша Теміртаудағы металлургтер машина жасау саласына болат жеткізе бастады. Бұл жаңалық «Qarmet» компаниясының өндірісті кеңейту және әртараптандыру стратегиясының бір бөлігі. Айта кеткен жөн, «Qarmet» 2024 жылдың алғашқы тоғыз айында болат өндірісін 14%-ға арттырып, 2,6 миллион тоннаға жеткізген болатын.
Қазіргі таңда «QazTehna» инвестициялық бағдарламасы аясында Қазақстанда ауданы 10 000 шаршы метрден асатын алғашқы мамандандырылған штампылау корпусын құру жобасын іске асыруда. Өндіріс күрделі шанақ компоненттерін дайындауға арналған бірегей гидравликалық престермен жарақтандырылатын болады. Жобаның құны 20 млрд. теңгеден асады. Қаржыландыру Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен «QazTehna»-ның қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Пайдалануға беру 2025 жылдың тамызына жоспарланған.
Бірінші кезеңде «Yutong» қалалық, туристік және мектеп автобустары үшін, ал кейіннен «HOWO» коммерциялық техникасы үшін шанақ бөлшектерін шығару жоспарланған.
– Машина жасау сегментіне шығу – бұл «Qarmet» үшін стратегиялық маңызды қадам. Біз қазақстандық металлургия ірі инвестициялық жобаларды ескере отырып, отандық өндірісті қолдау және ел ішінде қосымша құн жасау жөніндегі барлық міндеттерді орындауға қабілетті екенін растаймыз, – деді «Qarmet» баспасөз қызметінің өкілдері.
Мамандардың айтуынша, автобустардың шанақ элементтері халықаралық сапа стандарттарына сай сертификатталған отандық металл арқылы жасалады. Бұл – көлік өндірісінің жергілікті құрамын арттырып, импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған маңызды қадам. Қазақстандық металдың қолданылуы техникалық қауіпсіздік пен ұзақ мерзімділікті қамтамасыз етіп, өңірдегі машина жасау саласының бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.
Сондай-ақ, автобустардың берік шанақ элементтері соқтығысу кезіндегі соққыны сіңіріп, жолаушылардың жол бойында қауіпсіз болуына кепілдік. Сапалы металдан жасалған шанақ коррозияға төзімді әрі ұзақ уақыт қолдануға жарамды. Шанақ элементтері модульдік болған жағдайда, бөлек бөлшектерді ауыстыру да жеңіл. Оған қоса заманауи шанақтар аэродинамикалық, шу мен тербелісті азайтады. Жалпы, дұрыс таңдалған шанақ элементтері автобустың тиімділігі мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Айта кеткен жөн, жалпы Қарағанды облысында болат өндірісі негізінен Теміртаудағы «Qarmet» – Қазақстанның индустриялық әлеуетінің маңызды бөлігі. Тәулігіне 8,5 мың тонна болат және 7 мың тонна жалпақ прокат өндіретін кәсіпорын облыс экономикасын едәуір ілгерілеткен.
Сонымен қатар, облыста бүгінде «Asia FerroAlloys» (бұрынғы «Qaz Carbon») және «YDD Corporation» сияқты ірі металлургиялық кәсіпорындар жұмыс істейді. «Asia FerroAlloys» болат пен темір құймаларын өндіреді, ал «YDD Corporation» әлемдегі ең ірі ферросилиций өндірушілердің үштігіне кіріп, өнімдерін 50-ге жуық елге экспорттайды.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»