Жаңалықтар

Шала туғандар азайып келеді

17 қараша – Халықаралық шала туған балалар күні болып жаңа туған балаларды күту жөніндегі Еуропалық қордың бастамасымен 2009 жылы бекітілген. Бұл балаларға деген ерекше көзқарастан қоғамның даму деңгейін көруге болады.

Атаулы күнді облыстық клиникалық аурухананың № 1-2 перинаталдық орталығы атап өтті.

– Әлемде әрбір оныншы бала шала туады. Яғни, 37 аптадан бұрын туған балалар. Біздің перинаталдық орталықта 2021 жылы 334, биылғы он айда 252 нәресте дүниеге келді. Көрсеткіш жылма-жыл азайып келе жатыр. Мұны орталықтағы білікті, тәжірибелі мамандардың еңбегі деп айтуға болады. Әрі жүкті әйелді амбулаториялық бақылау күшейгенінің де көп әсері бар. Жалпы, нәрестелердің шала тууына аналардың бойындағы эстрогенетальді, яғни жүрек қан-тамыр, созылмалы бүйрек аурулары, түрлі инфекциялық аурулармен сырқаттануы, 18 жасқа толмағандар және 40-тан асқан әйелдермен қатар әлеуметтік жағдайлардың да тікелей әсері болады, – дейді №2 перинаталды орталық басшысы, жоғары санатты акушер-гинеколог дәрігер Жарқын Нүркеева.

Баланың дүниеге келуі – адам өміріндегі үлкен қуаныш. Мерзімі нен бұрын босану ана мен баланың денсаулығына, өміріне қауіп төндіреді. Шала туған нәрестенің негізгі проблемасы – дене салмағының төмендігі, тыныс алу жүйесінің нашар дамуы. Денсаулығы дұрысталғанға дейін олар ерекше күтім мен медициналық көмекке мұқтаж. Кей жағдайда ата-аналарына да психологиялық қолдау қажет. Бұл мәселелерді шешуде перинаталдық орталық жұмысын жүйелі атқарып келеді.

– Бұл менің төртінші балам. 2019 жылы 24 ақпанда шұғыл осы орталыққа түстім. Кесір тілігі жасалды. 30 аптада дүниеге келді, салмағы 1240 грамм, бойы 34 см болды. Қазір балабақшаға барамыз, тілі уақытында мықты жетіліп келеді. Салмағы болмаса, ешқандай кемшілік жоқ. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жақсы сөйлейді, – дейді Айжан есімді көпбалалы ана.

Жыл өткен сайын мерзімінен ерте туған балалар санының азаюы еліміздегі медицина дамуының айқын көрінісі. Әрі халықтың әлеуметтік әлеуетінің жақсаруы. Дер уақытында дәрігерлік кеңеске жүгінудің де маңызы зор.

Сағыныш ӘБІЛ

Суретті түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕК

Басқа материалдар

Back to top button