АймақҚарқаралы

Шалғайда шағын бекет ашылды

Өрттен сабақ алатын уақыттың жеткені қашан. Әсіресе, жаз айларында орман мен дала өртінің зардаптарын сан көрдік. Қарағанды облысының биылға жоспарланған шалғайдағы алты ауылда өрт сөндіру бекетін ашу жоспары да тілсіз жаудың алдын алу мен күресу мақсатына арналған. Осы жоспарға сәйкес, жақында Қарқаралы ауданына қарасты Мәди ауылдық округінің орталығы Айрық ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды.

Сурет автордан

Шағын бекеттің ашылуына Қарқаралы ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Руслан Ешмағанбетов, аудан әкімдігіне қарасты АҚжТЖ бөлімінің басшысы Еркін Қапбас, Мәди ауылдық округі әкімдігінің өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Өрт сөндіру бекетінің ашылуы осы ауылдық бекеттің халқы үшін ғана емес, тұтас ауданның шаруашылығы үшін маңызды дүние болып отыр. Өйткені, «жаман айт­пай, жақсы жоқ», егер округ аумағында қандай да бір өрт бола қалса, алыстағы орталықтардан негізгі көмек келіп жеткенше жалмауыз жалынды шағын бекеттің күшімен тежеуге, сөйтіп уақыт жағынан да ұтуға болады. Жаңа бекет өртпен күреске қажетті бірталай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Оның ішінде су соратын кешенді аппарат, 500 литрлік су тасығыш, жеңіл автокөлікке арналған тіркеме, 15 дана өрт сөндіргіш, «Ермак-РП-18» типіндегі 10 дана арқақап, ОП-10 АВСЕ типіндегі екі өрт сөндіргіш, арнайы киімдер мен басқа да құралдар бар. Ауыл еріктілері оларды қолдану нұсқаулықтарымен таныстырылып, арнайы курстан өтті.

– Өрт қаупі туындайтын кез тура қазіргі уақыт, – дейді ауыл тұрғыны Төлеген Әубәкіров. – Биыл далада өткен жылдардағыдай емес, шөп қалың. Күннің ыстығы да ерекше. Қайсыбір жылдары дала өртінің салдарынан жайылым өз алдына, өрістегі меншіктің бірталай ұсақ малы тірідей жанып кеткен. Сондықтан, осындай арнайы бір өрт сөндіру бекеті баяғыдан қажет еді.

Қазір ауылдық округтегі шаруа адамдары шөп шабу науқанына қызу кірісіп кеткен. Мал азығын даярлау осыдан қара күзге дейін жалғасады. Ауыл тұрғындарына, әсіресе, шөпшілер мен мал бағушыларға далада ұшқын ататын техника ақауы, темекі тарту сияқты нәрселерге абай болу үнемі ескертіледі.

Бүгінде Қарқаралы ауданы бойынша жеті ауылдық округте осындай өрт сөндіру бекеттері бар. Олардың әрқайсысы өзіне жақын аумақтардағы өртпен ­күреске әзір.

Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
Қарқаралы ауданы

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button