Қарқаралы ауданына қарасты Татан ауылдық округінің Қарағаш ауылында мектеп оқушылары арасында шаңғы тебуден аудандық жарыс өтті.

Мемлекеттің заманауи саясатының басым бағытының бірі – халық арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру, өскелең ұрпақты да осы мақсатқа тәрбиелеу, жастарды спортқа баулу және бұқаралық спортты дамыту болса, жоғарыдағы іс-шара осы мақсатқа дөп келеді. Жарысқа Қарқаралы қаласынан басқа, Томар, Қасым және Қарағаш ауылдарының оқушылары қатысты.
Аудан орталығынан 180 километр қашықтықта орналасқан, ғасырлық тарихы бар Қарағаш ауылы мектебінің оқушылары аудан және облыс көлемінде өтетін шаңғы жарыстарында тұрақты түрде жүлделі орындарға ие болып жүр. Қарағаштағы 9 жылдық мектеп оқушыларының ата-аналары соңғы он жыл көлемінде қысқы спорт түрлеріне ерекше көңіл бөліп, балаларын шаңғымен және басқа да қажетті спорт жабдықтарымен толық қамтамасыз етіп келеді. Ауыл азаматтары, мектеп ұжымымен бірлесіп, биыл да «Темірші қысы – 2026» шаңғы жарысын жоғары деңгейде ұйымдастырды. Сайысқа қатысушы командаларға арнайы жүлделер тағайындалып, ыстық шай мен тағам түрлері әзірленді. Би-ағаның (Бейімбет Майлин) «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» деген қанатты сөзінде айтылғандай, тұрғындарының еңбекшілдігі мен ұйымшылдығы арқасында Қарағаш ауылы өзгелерге үлгі боларлықтай өркендеу үстінде.
– Жарыс жоғары деңгейде өтті, – дейді белгілі марафоншы әрі бапкер Думан Бейсенаев. – Балалардың көздерінен от ұшқындап тұрғанын көрдік. Жеңіске деген құлшыныстары зор екен. Осындай спорттық шараны сәтті өткізген ұйымдастырушыларға үлкен алғыс білдіреміз.
Қарқаралы қаласынан барып, жүлделі орынға ие болған Дана Кәкібаева:
– Жарыс маған өте ұнады. Бірнеше жылдан бері шаңғы үйірмесіне қатысып келемін. Осындай жарыстарға, бұдан да ірі қатысқанда ұнатам. Медальмен оралып, ата-анамды қуантқаныма ризамын, – дейді.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлер «мадақтамаларымен, медальдарымен және ауыл азаматтары тағайындаған ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



