Басты тақырып

Шайтанға жер, көл атын беру жарамайды

Қасиетті Құранда Алла тағала адамды ақыл-оймен өз Жаратушысын тануға шақырады. Құлдарының кей әрекетіне разы болса, кейбіріне разы емес екендігін білдіріп, мүмін құлдары үшін ақ пен қараны ажыратып көрсеткен. Осы бір мұсылмандардың қасиетті мұғжизасы саналатын Құрани Кәрім баршамызға Алланың разылығына апарар түзу жол. Иман келтіріп, жүзін құбылаға бұрған мүмін мұсылманды түрлі ойлармен арбап, құлағына түрлі нәпсіні оятатын сөздерді сыбырлап тұратын лағнитулла шайтан жайлы да айтылған Құранда. Оның адам ұрпағын тек жамандыққа шақыратыны жайлы баян етіледі. Онымен күресудің ең бірінші жолы Аллаға иман келтіріп, Құранмен сусындау. Бұл жайында сүйікті пайғамбарымыз да (с.ғ.с): «Мен Алла Тағаладан лағнетті шайтанның тәкаппарлығынан, жағымсыз демінен және ақылсыздыққа ұрындыратын азғыруынан пана тілеймін» деп айтқан болатын.

Еліміздің Алла тағала сыйға берген табиғаты әсем, шұрайлы жерлері аз емес. Соның бірі – Қарқаралы. Шөбі майса, көлі мөлдір. Көк аспанмен таласқан заңғар шыңдары да көз тартарлық әсем.

Алланың осы аманатын аялап, оны қастерлеу адамзат үшін міндет саналмақ. Осы орайда талай ақын жырына қосып, жазушылардың қалам тербеуіне себепші болған «Шайтанкөл» еске түседі. Аты болмаса, өзі заңғар шыңның басында, шыршалар арасынан орын алған. Осы бір табиғаттың әсем бейнесін тек есімі құртып тұрғандай. Себебі, табиғат – біріншіден Алланың әсем туындысы болса, екіншіден адамзаттың күн көруінің қайнар көзі.

Алла Тағала жаратқан тіршілік бірнеше типке бөлінеді: періштелер, жындар, адамдар және жануарлар. Олардың әрқайсының өзіндік сипаты бар.

Періштелерді нұрдан жаратып, сана, ақыл берген. Бірақ, оларда нәпсі жоқ. Олардың көп түрі әлемнің барлық жерінде мекендейді. Сондай-ақ, Алланның әмірін кілтіксіз, сол сәтінде орындайды.

Жындар түтінсіз оттан жаратылған, оларға сана, нәпсі берген. Қандай түрге бөлінетінін, қай жерде орналасқанын тек бір Алла біледі. Бір білетін дерек, Адам жаратылмай тұрып, Жындар жерді мекен еткен. Олар жер бетіне көптеген бұзақылық таратады. Алладан басқа да нәрсеге – өз ақылына, нәпсісіне құлшылық жасайды. Күн жүйесінің басқа планеталарында да орналасуы мүмкін.Басқа планетадан келіп жүр деген табақшалар( НЛО) cолардың ісі деуге әбден болады.

Қасиетті Құрани Кәрімде: «Ей, Адам балалары! Шайтан сендердің ата-аналарыңның әуретті жерлерін өздеріне көрсету үшін, киімін шешкізіп жәннаттан шығарғаны сияқты, сендерге де сұмдығын істемесін. Шындығында, шайтан мен оның қол астындағылары сендерді көре алады, ал сендер оларды көре алмайсыңдар. Біз шайтандарды имансыздарға дос қылдық» дейді (Сүре 7; 24- 25 ).

Осыны біле тұра, көлге Алланың лағынетіне ұшырағанның есімін беру – бұрыс нәрсе. Көлдің бұлай аталуы нәтижесінде ол жер шынымен-ақ жындардың мекеніне айналуы әбден мүмкін. Себебі, адамдар осы бір әрекетімен оларға жерден арнайы орын дайындап бергендей. Елімізде қазақ зиялыларының есімін ала алмай тұрған көшелер қаншама?! «Алаш, жұртым» деп өткен хандар мен батырларымыз бір атау ала алмай жатқан заманда, жын-шайтанның есімін көлге беру мүлдем қисынсыз. Алайда, ащы болса да шындық осы. Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасын мысалға алайық. Бақытсыздыққа ұшырап, осы көлдің маңында мерт болып, су түбіне кеткен екі ғашық жайлы баяндалған. Аңызға сүйенген поэманың бекер жазылмағаны анық. Бұдан кейін тағы бірнеше аңыздар шығып, жұрттың үрейін ұшырған болатын. Иә, «Шайтанкөл» деп аталып кеткен көлдің тарихы жұрт үшін осылай болды. Кезінде аққулар мекеніне балаған аталмыш көлге қазір олар да қонбайтын болған. Олардың орнын қызық қуған жастар мен арақ-шарап соғыстырған жандар толтырды.

Мұның барлығы Алланың жаратқан әсем табиғатына келтірген үлкен қорлық. Осы бір сұрықсыз атау көлдің берекесін қашырып тұрғандай. Әу баста есімі басқаша аталса, көлде аққулар жүзіп, көз тоймас әсем мекен болар ма еді? Кім білсін?!

З.Абдрахманов,

Е.Бөкетов атындағы Карағанды мемлекеттік университетінің доценті,

педагогика ғылымдарының кандидаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button