Шахтёрский тұрғындары орталық жылыту жүйесіне қосылады
Пришахтинскідегі Шахтёрский кентінің тұрғындары орталық жылыту жүйесіне қосылады. Кент тұрғындары 30 жыл бойы пәтерлерін пешпен немесе электр құрылғыларымен жылытып келген еді. Биыл кентте жаңа жылу трассасының құрылысы аяқталып, орталық жылыту жүйесіне қосыла бастады. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев кентке жұмыс сапарымен барып, атқарылып жатқан жұмыстарды көріп қайтты. Жоспар бойынша қысқа дейін 62 үйдің 39-ы орталық жылыту жүйесіне қосылады деп жоспарлануда. Қалғаны – келер жылға қалдырылған.
Кентке ұзындығы 5,3 шақырым болатын жаңа құбыр тартылып, жаңадан сорғы станциясы салынған. Осылайша, кенттегі көпжылдық мәселелер біртіндеп шешілуде.
– Кенттегі №39 көпқабатты үйдің тұрғындары биыл Қарағанды облысының тұрғын үй қорын жаңғырту орталығынан пайызсыз несие алып, үйлерін орталық жылытуға қоса алады. Қазір біз түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жоба екі жылға жоспарланған. Келесі кезекте қалған үйлерді қосамыз, – деді Әлихан Бөкейхан атындағы аудан әкімінің орынбасары Әлібек Дүйсенбеков.
Қазірдің өзінде құбырлар барлық көпқабатты үйге тартылған. Олардың сегізінде үй ішіндегі ажыратқыштар орнатылуда.
– 30 жылдан астам уақыт бойы біз пәтерлерде пеш жағып, жертөледен көмір көтеріп, күл шығардық. Бұл өте қиын. Әсіресе, зейнеткерлер үшін бейнет. Енді жаңа жылу трассасы тартылды. Бәріміз қуанып жатырмыз. Үйішілік құбырларды монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Қыста үйміз жылы болады деп үміттенеміз, – дейді Шахтёрский кентінің тұрғыны Николай Богдан.
Сонымен қатар, аймақ басшысы жаңадан салынған сорғы станциясына барып, тұрғындармен кездесті.
– Бізде орталықтан жылыту мәселесін шешу міндеті тұрды. Келесі жылы бұл жұмысты толығымен аяқтаймыз. Жалпы, Пришахтинсктегі мәселелерді біртіндеп шешеміз. Қоғамдық көлікке қатысты шағымдар болды. Нәтижесінде, желіге жаңа автобустар шығарылды. Әрі жаңа Оқушылар сарайы салынды. Енді келесі жылы біз заманауи мектеп салуды бастаймыз. 22-ші шағын ауданда 160 орындық балабақша пайда болады. Инвестор бар. Біртіндеп жолдарды да жасаймыз. Бірақ, қазіргі ең бастысы – үйлерді орталық жылу көзіне қосу, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz