«Шахтёр» ойыншысы Глеб Макридов «Атлетико Мадрид» клубының оқу-жаттығу қаралымына шақырылды
Қарағандының «Шахтёр» футбол клубының жартылай қорғаушысы Глеб Макридов Мадридтің Атлетико Мадрид командасына оқу-жаттығу қаралымына шақырту алды. Бұл мүмкіндік оған Freedom QJ League маусымының үздік ойыншысы атанғаны үшін берілген арнайы марапат ретінде ұсынылды.

Бағдарлама лига ойыншыларын халықаралық деңгейде дамытуға бағытталған және Changan Kazakhstan компаниясымен серіктестікте жүзеге асырылуда. Глеб Макридов шетелдегі оқу-жаттығу жиынына қатысуға грант иеленді.
Өткен маусымда 19 жастағы хавбек жоғары нәтижелер көрсетті. Ол 19 матчта 19 гол соғып, 10 нәтижелі пас авторы атанды. Турнир қорытындысы бойынша ол алаңда өткізген уақыты (4502 минут) және нәтижелі әрекеттер саны (39) бойынша лига рекордын орнатты.
Маусымаралық кезеңде жас футболшы Шахтёр Қарағанды клубының негізгі құрамымен жаттығып, жолдастық кездесулерде екі гол соқты. Бұл оның кәсіби деңгейге бейімделу қарқыны жоғары екенін көрсетті.
Мадридке сапар танысу форматында өтеді. Әзірге келісімшартқа қол қою туралы келісім жоқ. Бұл тек оқу-жаттығу қаралымы. Дегенмен, мұндай мүмкіндік жас ойыншыға халықаралық деңгейде өзін көрсетуге, еуропалық футбол ортасының талаптарымен танысуға және құнды тәжірибе жинауға жол ашады.
Клуб өкілдерінің айтуынша, жас футболшыларға арналған қысқа мерзімді тағылымдамалар қарағандылық футболды жүйелі түрде дамыту стратегиясының бір бөлігі болып табылады.
Атлетико Мадрид 1903 жылы құрылған Испанияның ең титулды клубтарының бірі. Команда Ла Лига чемпионатын 11 рет, Испания кубогын 10 рет жеңіп алған. Халықаралық аренада үш мәрте Еуропа лигасының және УЕФА Суперкубогының жеңімпазы атанып, сондай-ақ үш рет Чемпиондар лигасының финалына шыққан.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



