Бас тақырыпСпорт

«Шахтёр» футбол клубының бес ойыншысы ұлттық құрамада ойнайды

Футболдан Қазақстан U17 құрамасы 2025-2026 жылғы Еуропа чемпионатының алғашқы іріктеу кезеңін аяқтады. Күні кеше Албанияның U17 құрамасына қарсы өнер көрсетіп, 2:1 есебімен жеңіске жеткен болатын. Нәтижесінде, отандастарымыз өз тобында І орын иеленіп, «А» дивизионына жолдама жеңіп алды. Элиталық раундқа жолдама алған ұлттық құрама ойыншыларының қатарында қарағандылық «Шахтер» футбол клубының да ойыншылары бар. Олай болса, еуро жолындағы жорығын бастаған жерлестерімізге тоқталып өтейік…

Суреттер QOFA

Құрама сапында Никита Килджиев, Жәнібек Жайлаубек, Мейірлан Балтабаев, Расул Әкімов және Александр Яковлев сынды «Шахтёр» клубының талантты жас футболшылары өнер көрсетіп жүр. Атап айтсақ, биыл ерекше көзге түскен жас дарын – Расул Әкімов. Ол биылғы QJL U17 маусымында жеті гол салып, 13 нәтижелі пас берген. Сонымен қатар, ұлттық құрама сапында Хорватия құрамасына қарсы кездесуде алаңға шығып, шешуші голды салған. Әрі бір нәтижелі пас шығарып, командасына жеңіс сыйлады.

Ал, қалған ойыншылар қосалқы құрамнан шығып, команданың тактикалық мүмкіндігін кеңейтетін маңызды футболшылардың қатарына еніп отыр.

Айта кетейік, бұған дейін «Шахтер» U17 командасын Игорь Солошенко жаттықтырған болатын. Сол уақытта команда ойыншыларын баптап, осындай деңгейге жеткізген бас бапкердің еңбегін айта кетпеске болмас. Бүгінде ол –  Қазақстан U17 құрамасының жаттықтыру штабының өкілі. Биыл осы қызметіне дейін QJL All-Star командасын жаттықтырып жүргенде «Атлетико Мадрид»  академиясының жас ойыншыларымен кездескен. Нәтижесінде, 1:1 есебімен тең түсті. Осындай жетістіктерінен кейін Freedom QJ League 2025 маусымының «Үздік бапкері» атағын жеңіп алған болатын.

«А» дивизионы – Еуропа чемпионатына баратын командаларды анықтайтын соңғы раунд. Қазақстан U17 құрамасының бұл  дивизиондағы қарсыластары әлі анықталмаған. Алдағы уақытта жеребе арқылы белгілі болады. Бұл кезеңде де отандастарымыз үш қарсыласпен кездеседі. Ал, бұл кезеңнен өтсе, чемпионаттың ақтық кезеңіне жолдама иеленеді.

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button