«Шахтёр» футбол клубы жеке меншікке өтті
Қарағандының «Шахтёр» футбол клубын Freedom Holding Corp. тобына кіретін, қазақстандық кәсіпкер Тимур Турловқа тиесілі компания сатып алды. Сауда бүгін өткен аукционда жүзеге асып, бұл қадам Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту және футболды коммерцияландыру жөніндегі тапсырмасы аясында қабылданды. Жекешелендіру рәсімі заң талаптарына толық сәйкес жүргізіліп отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Осылайша «Шахтёр» футбол клубының даму және трансформация жолындағы жаңа кезеңі басталды.
Қарағанды облысы әкімдігі мен кәсіпкер Тимур Турлов өңірде жаңа футбол экожүйесін қалыптастыру жұмыстарын бастады. Бұл мақсатқа жалпы 18,5 млрд теңге бөлінген: оның 12 млрд теңгесі – жаңа футбол академиясының құрылысына, ал 6,5 млрд теңгесі – балалар-жасөспірімдер және бұқаралық футболды дамытуға бағытталмақ.
Қарағанды облысының футбол қауымдастығы (QOFA) президенті Тимур Турловтың қолдауымен бірқатар ірі жобалар іске асырылып жатыр. Олардың қатарында:
– мектептік ALGA! жобасы (2029 жылға дейін 40 мыңнан астам оқушы мен 3600 студентті қамтиды),
– балалар-жасөспірімдерге арналған ресми Freedom BFL лигасы,
– жаңа «Шахтёр» футбол академиясының құрылысы,
– өңірдің футбол саласын кешенді дамыту стратегиясы бар.
Жаңа академия – Қарағанды облысында бұқаралық және кәсіби футболды дамытудың негізгі орталығы болмақ. Шамамен 10 гектар аумақта орналасатын нысан құрамына стадион, жыл бойы дайындыққа арналған жабық манеж, толық өлшемді алаң, екі қабатты әкімшілік-бөлме кешені, медициналық орталық, бассейн, сауна, асхана және тәрбиеленушілерге арналған жатақхана кіреді. Барлық ғимараттар жылы дәліздермен біріктіріледі, аумаққа воркаут-зона, тренажерлер, саябақ және автотұрақ орнатылады.
Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары 2027 жылы аяқталуы жоспарланған.
Сонымен бірге кадр даярлау ісіне ерекше мән беріліп отыр: жаттықтырушылар үшін халықаралық тағылымдамалар мен UEFA лицензияларын алуға мүмкіндік беретін біліктілікті арттыру бағдарламалары енгізіледі.
Спорттық инфрақұрылым тек қалаларда ғана емес, ауылдық елді мекендерде де жүйелі түрде дамытылатын болады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



