Шахтинск

Шахтинскте өнеркәсіп көлемі өсті

Шахтинск қаласының әкімі Сержан Аймақов халық алдында есеп берді. Жергілікті тұрғындар ТКШ, абаттандыру, шағын және орта бизнесті дамыту мәселелеріне қатысты сауалдарын қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 

2018 жылы Шахтинск қаласында өнеркәсіп өндірісі айтарлықтай өсті, бұл көрсеткіш 18,3 млрд теңгеге жетіп отыр. Көмір өндіру 7% артты. Экономиканың дамуына жер қойнауын пайдалану саласында екі жаңа инвестжобаның іске қосылуы да ықпал етті.

Қала әкімі тұрғын үй мен әлеуметтік саланы дамыту жоспарлары туралы айтып берді. Оның айтуынша, биыл Шахтинскіде қалпына келтірілген үйлердегі пәтерлер дәрігерлерге бөлінеді. Бұл медициналық мамандардың тапшылығын азайтуға септігін тигізбек.  

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы бойынша қалада 100 орындық жаңа балабақша ашу жоспарлануда.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы аясындағы тапсырмаларын жүзеге асыру туралы есеп бере отырып, қала басшысы қаңтар айынан бастап тарифтердің 4%-ға төмендегені туралы хабарлады.

Баяндамадан сұрақ-жауапқа өтіп, Сержан Аймақов инфрақұрылымның жоқтығына шағымданған “Жоғарғы орталық-3” шағын ауданының тұрғындарының хатын оқыды.

“Менің ойымша, біздің қалада шағын аудандар мен орамдарға бөлу – бұл шартты ұғым, тарихқа деген құрмет. Өз уақытында Шахтинск қаласы 100 мыңдық қала ретінде жоспарланды. Ал бүгінде мұнда 37 мың адам тұрады. Әр шағын ауданның өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Ал, негізінен біздің міндетіміз-барлығына қолайлы жағдай жасау” – деді қала әкімі. 

Ол биылғы жылы қаланың бас жоспарына өзгерістер енгізілетінін айтты. Жаңа егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы аталған бөлікке де қатысты болады. Жер учаскелерін кәсіпкерлер нысаналы мақсатына сәйкес, аукциондарда сатып ала алады. Қала әкімі шаһар құрылысы құжатына тұрғындар қажет ететін нысандарды кіргізуге уәде берді.

Аулаларды абаттандыру бойынша көптеген сұрақтар қойылды. Қала басшысы мұндай бағдарлама бар екенін айтты.  Билік жергілікті бюджеттен түскен ақшаға барлық аулаларды ретке келтіруді жоспарлап отыр. 

Басқа материалдар

Back to top button