Шахтинскте есірткі таратумен айналысқан күдікті ұсталды
Шахтинск қаласының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл тобының қызметкерлері есірткіге ұқсас зат салынған zip-lock пакетін өткізу сәтінде 30 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сараптама қорытындысы оның марихуана сату ісімен айналысқанын толық растады.
Тексерілген жедел ақпарат негізінде әрекет еткен жедел топ күдіктінің екі тұрғын үйінде және жеке автокөлігінде тінту жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде каннабис қолдануға арналған түрлі құралдар мен есірткі заттарын сақтауға арналған герметикалық пластик ыдыстар анықталып, тәркіленді. Бұл деректер күдіктінің қылмыстық әрекетінің жүйелі сипатта болғанын көрсетеді.
Сонымен қатар ұсталған азаматқа медициналық куәландыру жүргізілді. Қорытындыға сәйкес, оның каннабис қолданғаны және есірткілік масаң күйде болғаны анықталды.
Аталған дерек қылмыстық іс аясында қосымша дәлел ретінде қарастырылады.
Аталған факті бойынша есірткі заттарын өткізу дерегімен қылмыстық іс қозғалды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



