Шахтинскке көгілдір отын жетті
Өңірде газдандыру жұмысы жалғасуда. Бүгінде осы жоба аясында Қарағанды мен Теміртауда 7 621 үйге көгілдір отын тартылды. Енді, міне, күні кеше Шахтинск қаласына да табиғи газ жетті. Шахтинск қаласынан бөлек, көгілдір отын Северо-Западный ауылына да жеткізу жоспарлануда. Аймақ басшысы тұрғындарды көгілдір отынға қосу қарқынын арттыру үшін тиісті тапсырмалар берді.
Айта кетейік, облыс орталығынан бөлек серіктес қалаларда көгілдір отын былтырдан бастап іске қосылуда. Енді биыл автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы аяқталуы тиіс. Осы мәселе бойынша аппараттық кеңесте кеңінен талқыланды. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев.
– Қарағандыда бесінші іске қосу кешені бойынша, Теміртауда екінші кезектегі бірінші және екінші іске қосу кешені бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Шахтинск қаласында биыл АГТС құрылысын аяқтап, қала шегіне жоғары қысымды газ құбырын жеткіздік. Осакаров ауданын және Саран қаласының ішкі желілерін газдандыру үшін ЖСҚ бар. Ақтау және Ғабиден Мұстафин кенттерін газдандыру жобасы бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды, – деді.
Сонымен қатар, жиында тұтынушылардың газға қосылуын қамтамасыз ету мәселесі де талқыланды. Осы мақсатта «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы белсенді үгіт-насихат жүргізуде. Тұтынушыларға жеңілдетілген несиелер алу мүмкіндіктерін түсіндіріп, тиісті жұмыстар атқаруда. Сәйкесінше, жыл басынан бері 2000 абонент қосылған.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz