Жылдағыдай Шахтерлер күні мерекесі Шахтинск қаласында ерекше тойланып, тұрғындарды шалқыған шаттыққа бөледі. Оның да жөні бар.

Шахтинск қаласының әкімі Мұрат Қыдырғанбеков жерлес кеншілерін кәсіби мерекесімен құттықтау сөзінде мұны атап өтіп:
– Біздің Шахтинск, атының өзі айтып тұрғандай, кеншілер қаласы болып табылады. Мұнда облысымыздағы ірі кәсіпорын «Qarmet» АҚ қарасты 8 шахтаның тең жарымы – «Қазақстан», «Тентек», «Шахтинск», Ленин атындағы шахталар мен Кіші механизацияның стандартталмаған жабдықтары зауыты орналасып, бұларда мыңдаған шахтинскіліктер жұмыс істейді. Міне, осы адамдардың қажырлы еңбегі мен күш-жігерінің арқасында қаламыздың экономикасы да өркендеп, әлеуметтік сала да дамып, көркейіп келеді. Бүгін соған байланысты осы іске лайықты үлес қосып жүрген бір топ азаматтарды құрметтеп, қошеметтегелі отырмыз, – деп, 18 адамға қала әкімінің Құрмет грамоталарын табыс етті.
Марапат алғандардың қатарында «Qarmet» АҚ Көмір департаментінің кәсіпорындарында еңбек ететін Александр Сиваков, Төлеген Нұрмұхамбет, Марина Мадан, Ольга Келлер, Айсұлу Малмақова, Ерлан Қарабалин, Қайрат Сейсембеков, Ерден Башкенов, Леонид Ионушкин, Виктория Соколова, Галина Фатхутдинова, Оксана Фомина, Амангелді Әбдіхалықов, Геннадий Бруль, Отто Кауль, Ринат Шатахметов, Юрий Корчагин, Александр Лидонов сияқты майталман мамандар бар.
Бұдан кейін сөйлеген «Qarmet» АҚ бас директоры Вадим Басин мен оның Көмір департаментінің директоры Жақан Мұхамеджанов шахтинскілік кеншілердің еліміздің, соның ішінде облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы рөліне тоқталып, инвестицияларды тарту арқылы өз кәсіпорындарын жаңғыртып, жаңа жабдықтар сатып алу ісі жалғаса беретінін айтты.
Бұл күні қалалық әкімдік алдындағы алаңда тігілген шатырларда сауда қызып, түрлі спорт жарыстары өтті. Мәселен, осы жерде өткен қол күресі мен кір тасын көтеруден Уатхан Оңғардың бір өзі жеңімпаз атанса, қаладағы «Тентек» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде қазақ күресі мен баскетболдан болған сайыстарда да белгілі болған жүлдегерлер дипломдар мен медальдармен марапатталды. Ал, жарыстың нағыз көкесі қалалық стадионда өткен футболдың ақтық айқасы мен Шахан кентінің атшабарында ұйымдастырылған ат бәйгесінде болды. Атап айтқанда, футбол бәсекесіне Шахтинск аймағының 8 командасы қатысып, қала әкімінің кубогын сарапқа салды. Соның қорытындысында бірінші орын алған Новодолинка кентінің командасына кубок пен 150 мың теңгенің ақша сертификатын, екінші орын иесі ВГСЧ командасына диплом мен 100 мың теңгенің ақша сертификатын, үшінші орыннан көрінген Долинка кентінің командасына диплом мен 70 мың теңгенің ақша сертификатын Шахтинск қаласының әкімі Мұрат Қыдырғанбеков өз қолымен тапсырды. Доп тебу ойындары барысында Артем Дроздов «Үздік ойыншы», Александр Рабиза «Үздік қорғаушы», Дмитрий Цыбарев «Үздік қақпашы» болып танылды.
Шахан кентінің атшабарында болған ат бәйгесіне облысымыздан ғана емес, Астана қаласынан да жүйріктерін жетелеп келіп, қосып жатқандар аз болмады. Мұнда тай жарысы, құнан жарысы, Аламан бәйге жеке-жеке өтіп, суырылып топтан озған жүйріктердің иелеріне Шахтинск қаласының әкімі тағайындаған бағалы сыйлықтар беріліп, қанжығалары бос қайтпады. Яғни, 5 шақырымдық тай жарысында додаға түскен 21 тайдың арасынан Шет ауданы Жарық станциясынан келген шабандоздың «Ханым» атты тайы бәрінен озып, оған түрлі-түсті теледидар табысталды. Ал, 18 құнан бақ сынасқан 10 шақырым бәйге жолында Бұқар жырау ауданы Тоғызқұдық ауылының «Хабар» деген құнаны бірде-бірін шаңына ілестірмей, тоңазытқышты олжаласа, Аламан бәйгеде 17 аттан оқ бойы озық келген Қарағанды қаласының «Даяр» дейтін сәйгүлігіне де түрлі-түсті теледидар берілді. Екінші, үшінші орын алған шабандоздарға да кіржуғыш машина, мұздатқыш тәрізді бағалы бұйымдар ұсынылды.
Шахтинскідегі кеншілер мерекесінде шырқалған ән мен тартылған күй, билеген би таңертеңнен түннің бір уағына дейін толастамады. Сахна төрінде жергілікті өнерпаздар мен Қали Байжанов атындағы облыстық концерттік бірлестіктің әнші, күйшілері мен бишілері кезекпе кезек өнер көрсетіп, мерекеге жиналған жұртшылық Қазақстан эстрадасының жұлдыздары Айқын Төлепберген мен Мақпал Исабекова, Әлем айтқан әндерді сүйсіне тыңдап, Шахтинскідегі думанды мереке отшашумен аяқталды.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
ШАХТИНСК