Шахтинск қаласының әкімі Мұрат Қыдырғанбеков 30 наурызда өңірлік коммуникациялар алаңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізді. Онда қаланың 2022 жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын баяндап, биылғы жоспарларын айтты.
Өткен жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 21 миллиард 86 миллион теңгені құрап, 106,5 пайызға жеткен. Биыл оны 1,3 пайызға арттыру жоспарланған.
Есепті кезеңде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 23 миллиард 45 миллион теңге (өсім 53,7 пайыз) болыпты. Ал, 2023 жылы бұл көрсеткіш 142,6 пайызды құрамақ.
Әкімнің айтуынша, қалада құрылыс ісі де қарқынды. Мәселен, былтыр 5998 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл ол 143,4 пайызға артпақ. Оған К.Маркс көшесінде салынып жатқан бес қабатты үй мен жеке тұрғын үй құрылысы да енеді. Сонымен бірге Шахан кентіндегі көпқабатты үйді жаңғырту да қолға алынады. Қазір оның жобалық-сметалық құжаты сараптан өткізілуде.
Долинка кентіндегі отбасылық денсаулық орталығының ғимаратына кезекті жөндеу жүргізілсе, Новодолинка кентінде де сондай нысанның маңы абаттандырылды. Қала емханасы өз қаражатына төрт лифт сатып алды. Шахан кентінің отбасылық денсаулық орталығы да биыл күрделі жөндеуден өтпек көрінеді.
Өткен жылы қалада іске қосылған денешынықтыру-сауықтыру кешенінде бүгінде 12 спорт секциясы жұмыс істеп, 800 бала спортпен айналысып жүр.
Бұдан әрі қала әкімі 2022 жылы өтініш берген 1270 адамның 93%-ы жұмысқа орналастырылғанын мәлім етті. Жұмыссыздық деңгейі 20,2%-ға төмендеген.
Келесі кезекте қала ішіндегі автожолдар мен жүргіншілер жолдарының жайы сөз болды. Мысалы, былтыр облыстық бюджет қаржысы есебінен Абай Құнанбаев көшесінен Қазақстан көшесіне дейінгі көлік жолына, сондай-ақ, Станционная мен Чкалов көшесіндегі жолдардың 6 километрі жөнделген. Биыл тағы да 10 километр жол жөнделмек.
Мұрат Қыдырғанбеков қаланы абаттандыру барысына да тоқталды. Оның айтуына қарағанда, бес аула ретке келтіріліп, 2,5 мың шаршы метр тротуар жөнделіпті. Қала көшелеріне 90 жарық тірегі орнатылып, 39 шам ауыстырылған. Енді биыл тағы 40 жарық тірегі орнатылмақ.
Шахтинскіде шағын және орта бизнес те жақсы дамып келеді. Мәселен, өткен жылы 41 кәсіпкерге 150 миллион теңге қаржылық қолдау көрсетіліп, «Атамекен Қарағанды» қаржы ұйымы арқылы 3 кәсіпкер 13 миллион теңгенің шағын несиесін алып, 3 адамды жұмыспен қамтыған. Жастар кәсіпкерлігін қолдау мақсатында 17 адамға қала әкімінің гранты берілген. Мемлекеттің қатысуынсыз аймақта 18 жаңа нысан құрылып, 90 адам жұмысқа тұрыпты. Бұлардың бәрі өткен жылдың 1 қазанына дейін 10 миллиард 47 миллион теңгенің өнімін өндірген.
Білім беру саласында да оң өзгерістер баршылық. Мәселен, «Kanystа» жекеменшік балабақшасы 75 орынға ұлғайтылып, 5 мектептің ас блоктары мен асханаларына кезекті жөндеу жасалған. Мектептер үшін спорт жабдықтары, балаларға 63 миллион теңгеге оқулықтар сатып алынған. Сонымен бірге оқушыларды ыстық аспен қамтамасыз етуде де мәселе жоқ. Олардың ойнап, тынығуы үшін бір корт іске қосылса, биыл тағы бір корт қатарға қосылады. Сол сияқты 3 ойын алаңы жасалып, 3 футбол алаңы қалыпқа келтірілген.
Қала тұрғындары өткен қыстан қалтырамай шығып, енді биыл осындағы 28 километр тораптар жаңадан тартылады. Байқап отырсақ, шағын қала Шахтинскіде де шаруа шаш етектен екен.
Ержан ИМАШ,
ШАХТИНСК.
Оrtalyq.kz