Шахтинскіде гемодиализ орталығы ашылды
Кеше аймақ басшысы Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ жұмыс сапарымен Шахтинск қаласында болды. Облыс әкімі сапарын «Шахтинск қаласының емханасы» КМК базасындағы гемодиализ орталығының ашылуына қатысудан бастады.
Бұл орталық белгілі «Diaverum» медициналық компаниясымен тығыз ынтымақтастықта. Онда созылмалы бүйрек ауруларынан зардап шегетіндерге жоғары білікті көмек көрсетіледі. Аталған жоба мемлекеттік – жеке меншік серіктестік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған.
Гемодиализ залы Италия және Венгрияның заманауи құралдарымен жабдықталған. Науқастарға білікті мамандар қызмет жасайды. Бұған дейін науқастарға мұндай ем алу үшін Қарағандыға баруға тура келсе, енді ашылған орталық тұрғындардың қажеттілігін қамтамасыз етеді. Аталған орталықтың директоры Алексей Подгайновтың айтуынша, бұл облыстағы алтыншы орталық көрінеді.
Бұдан кейін облыс әкімі ат басын бұрған нысан – стоматологиялық бөлім. Бөлім үш жыл бос тұрған ғимаратта орналасқан. Бүгінде онда стоматологиямен қатар, медициналық қызметкерлерге арналған 4 қызметтік пәтер бар. Нұрмұхамбет Әбдібеков Черниковтар әулетінің үйіне бас сұқты. Оларға қоныстойына теледидар тарту етті. Бұл әулеттің иелері Шахтинск қаласының емханасында қызмет етеді.
Ал, «Atletik» спорт кешені қазіргі уақыт талабына сай. Онда спорттық, жаттығу залдарымен қатар, сұранысты өтейтін тұрмыстық қызметтердің бәрі бар. Кешен Максим Суслин есімді кәсіпкердің өз қаражатына тұрғызылған. Алдағы уақытта жас кәсіпкер бизнесін кеңейту үшін мемлекеттік – жеке меншік әріптестік механизмін қолдануды жоспарлап отыр.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.
Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.