«Шахтинская» шахтасының жүрегі – Чернобайлар әулеті
Қарағанды облысындағы «Шахтинская» шахтасында кеншілер әулеті – Чернобайлар отбасы еңбек етеді. Олардың көмір саласындағы жалпы еңбек өтілі 150 жылдан асады. Әулет мүшелері ұрпақтан ұрпаққа білім мен тәжірибені, сондай-ақ бұл кәсіпке деген құрметті жеткізіп келеді. Барлық қиындықтар мен қауіпті жағдайларға қарамастан, олар өз істеріне адал.
Отбасының отағасы Сергей Чернобай 40 жыл бұрын «Шахтинская» шахтасына жұмысқа орналасқан. Ол қарапайым жұмысшыдан бастап басшылық қызметке дейін көтерілген. Бүгінде ол – конвейерлік көлік учаскесінің бастығы, яғни көмірдің жер бетіне үздіксіз жеткізілуіне жауапты. Бұл – шахтаның ең маңызды тораптарының бірі.
– Әскерден келген соң шахтаға жұмысқа тұрдым. «Шахтинская» шахтасына 1985 жылы монтаждаушы болып кірдім. Әкем мен анам да шахтада еңбек еткен, бірақ олар Ленин атындағы шахтада жұмыс істеді. Олар да бұл кәсіпке көп жылдарын арнады, – дейді конвейерлік көлік учаскесінің бастығы Сергей Чернобай.
Шахта саласында Сергейдің жұбайы Наталья Чернобай да еңбек етеді. Ол 20 жылдан бері көтергіш машинаны басқарады. Бұл машина 265 шақырым тереңдіктен 17 тоннадан астам көмірді жер бетіне шығарады.
– Біз көмірді жоғары көтеріп, вагондарға тиеп жібереміз. Ток беру мен тежеуді басқарамыз. Машинаның қозғалыс жылдамдығы менің токты реттеуіме байланысты. Бізде ерекше жабдық орнатылған – мұндай машиналар басқа жерде жоқ, – дейді көтергіш машина машинисі Наталья Чернобай.
Ерлі-зайыптылардың екі ұлы да ата-аналарының жолын қуған. Кіші ұлы Юрий осы шахтада конвейерлік көлік учаскесінің бастығының көмекшісі болып еңбек етеді. Ол бала кезінен шахтер болуды армандаған.
– Шахтерлер әулетінің бір бөлігі болу – үлкен абырой. Шахтер болу – ең алдымен батылдық, көшбасшылық және ерлік, – дейді конвейерлік көлік учаскесі бастығының көмекшісі Юрий Чернобай.
Үлкен ұлы Станислав та отбасылық дәстүрді жалғастырып келеді. Ол – тау-кен шебері, еңбек жолын жер астында кенші болып бастаған.
– Шахтерлер әулетінің бір өкілі болу – мақтаныш. Мектепте жүргенде-ақ әкемнің жолымен жүретінімді білдім. Біздің еңбекте ең маңыздысы – тәртіп, ұстамдылық және аға буынға құрмет көрсету, – дейді тау-кен шебері Станислав Чернобай.
Сергей мен Наталья Чернобайдың алты немересі бар. Егер олардың бірі шахтер мамандығын таңдаса, ата-аналары қарсы болмайтынын айтады.
Мемлекет басшысы еңбек адамын бағалау, жұмыс жағдайын жақсарту және цифрлық технологияларды енгізу міндетін қойып отыр. Әулет бұл өзгерістерге ерекше үмітпен қарайды. Қазіргі таңда шахтада жабдықтар жаңартылып, қауіпсіздік күшейіп, жұмыс жағдайы жақсаруда.
– Бүкіл техника жаңартылып жатыр: жаңа автобустар, заманауи жабдықтар келуде. Қауіпсіздік тұрғысынан да көп нәрсе өзгерді – техника жаңарды. Қазір рациялар енгізілуде, бұл көмір өндірісі үшін өте маңызды, себебі қауіпсіздік – бәрінен жоғары, – дейді Сергей Чернобай.
Қарағандыдағы сегіз көмір шахтасында радиобайланыс пен позициялау жүйелері енгізілуде. Бұл – шахтадағы цифрлық «қорғаныс». Төтенше жағдай кезінде жүйе оқиға орнын жылдам анықтап, құтқарушыларды дер кезінде бағыттауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар көтергіш машиналар автоматтандырылған басқару жүйелерімен жабдықталуда. Бұл еңбек өнімділігін арттырып, қауіпсіздікті күшейтеді және тұрақты өндірісті қамтамасыз етеді.
Жаңа технологиялар мен автоматтандырудың арқасында шахтер мамандығы тек әулет өкілдері үшін ғана емес, қазақстандық жоғары оқу орындарының түлектері үшін де тартымды бола түсуде.
Толығырақ бейнематериалдан тамашалай аласыздар
Аяулым СОВЕТ