Шахтинск жылыту маусымына дайын ба?
Қарағанды облысында алдағы жылыту маусымына дайындық қарқынды жүріп жатыр. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен кеңесте Шахтинск өңірін жылумен қамтамасыз ету барысы талқыланды.

Шахтинскіде басты жылу көзі – қалалық жылу электр орталығының (ЖЭО) жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Биыл жаз айларында турбиналарға, қосалқы станцияларға және байланыс трансформаторларына күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар, №1, №3 және №4 қазандықтар мен қосалқы жабдықтарға ағымдағы жөндеу жасалды. Қазандықтарды гидравликалық сынақтан өткізу 20 тамызға дейін аяқталып, қыркүйектің алғашқы онкүндігінде іске қосу жоспарланып отыр. Негізгі жылу желілеріндегі жұмыстар да тәмамдалуға жақын.
– Барлық жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жылыту маусымы басталғанға дейін жөндеуді толық аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді Шахтинск әкімі Мұрат Қыдырғанбеков.
Шахан кентінде де дайындық жалғасуда. Мұнда қазандықтағы барлық қазан агрегаттарына ағымдағы жөндеу 15 қыркүйекке дейін аяқталмақ. Жылу желілері толық дайын.
– Шахтинск пен Шаханның тұрғын үй қорының 332 үйі қысқа дайын, 74 үйде жұмыс әлі жүріп жатыр. Биыл 23 үйдің жертөле және шатыр бөлігіндегі жылу жүйелеріне күрделі жөндеу жүргізілді. Көппәтерлі үйлерді жылыту маусымына дайындау жұмыстарын ЖЭО мамандары және энергия сарапшыларымен бірлесе атқарып жатырмыз, – деп нақтылады Мұрат Қыдырғанбеков. – Әлеуметтік нысандардың барлығында жөндеу аяқталды, жылу шаруашылығына жауапты қызметкерлерді аттестациялау жүргізілуде. Отын жеткізуге қатысты келісімшарттар жасалып, оның жеткізілу мерзімі тамыз-қыркүйекке белгіленді.
Облыс әкімі жөндеу науқанының мерзімінде және сапалы аяқталуының маңыздылығын атап өтті.
– Жылыту маусымын іркіліссіз өткізу үшін барлық жұмыстың сапасын жоғары деңгейде қамтамасыз ету қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА