Шахтинск шырайланып келеді
Бейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Шахтинск аймағының хал-ахуалы сөз болды. Аймақтың экономикалық һәм әлеуметтік мәселелері туралы баяндама жасаған Шахтинск қаласының әкімі Сержан Аймақов журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Мұнда өңір өнеркәсібінің өсуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болатын екі инвестициялық жоба іске асырылуда. Олар – ашық әдіспен Д6 тас маркалы көмір өндіретін «Ақжарықкөмір» ЖШС және құмды қиыршық тас қоспасын өндіруге бағытталған «ККК Бетон» ЖШС. Жалпы өндіріс көлемі биылғы жарты жылда 102,1 пайызға, яғни, 13 млрд 216,5 млн. теңгеге орындалды.
Құрылыс қарқыны да жаман емес. Өткен жылы бұл жұмыстар 1 млрд. 515,5 млн. теңге орындалған болса, биыл осы көрсеткішті 5,3%-ға арттыру жоспарланған.
– «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 60 пәтерлік тұрғын үйді қазан айында қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, биыл 64 пәтерлі бос тұрған үйді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынады. Оның жартысы денсаулық сақтау басқармасына беріледі. Бұл аймаққа дәрігерлерді тартуға ықпал етпек. Жалпы жыл соңына дейін 6519,8 шарты метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, – деді С.Аймақов.
Инвестиция кез келген аймақтың тамырына қан жүгіртіп, қоғамның барлық саласына серпін береді. Бұл бағыттағы жұмыстарды Шахтинск аймағындағы жүйе құрушы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ орындайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірге салынған инвестиция көлемі 62,7 пайызға артса, биылғы жылы 121,4 пайыз шамасында күтілуіде.
Сержан Жаңабекұлының айтуынша, аймақтың аграрлық секторында да өсім бар. Мал шаруашылығы 4,8 пайызға, өсімдік шаруашылығы 27,9 пайызға ұлғайған. Өткен алты айда 16 шағын және орта бизнес нысаны ашылып, 108 жаңа жұмыс орны пайда болды.
Өткен жылдың басында Шахан поселкесінде болған қайғылы жағдайдың қайталанбауы үшін жылу маусымы басталғанға дейін тұрғын үйлердің астындағы жылу қазандықтары сыртқа шығарылды. Аталған жұмыстар облыс әкімдігі мен «Eurasian Resources Group» компаниясы арасындағы меморандумға сәйкес, «Шұбаркөл Көмір» АҚ қаражаты есебінен жүргізілді. Қазіргі таңда поселкеде қазандық пен жылу желілері құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасына мемлекеттік сараптама жасалуда, – деді ол.
Сонымен қатар, баяндамашы өңірдегі 12 мектеп кең жолақты интернетке қосылғанын, компьтерлік техникамен жыл сайын қамтамасыз етілетіндігін жеткізді. Білім беру мекемелерінің жөндеу жұмыстарына 369 млн. теңге бөлінді, бұл өткен жылғымен салыстырғаныда 58,3 пайызға артық. Ә.Исмаилов атындағы балалар сурет мектебі жаңа ғимаратқа көшеді. Сондай-ақ, «Дара» қайырымдылық қоры қаражатына ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті ашылды.
– Жол-көлік инфрақұрлымын дамыту үшін өткен жылы 450 млн. теңге бөлінген болатын. 8,2 шақырым жол жөнделіп, 11 аулаға жол төселді. Биыл облыстық және жергілікті бюджет есебінен 4,7 шақырым автокөлік жолы, 4 шақырым тротуар жөндеуден өтті. Он аулаға жол төсеу жұмыстары аяқталуда. Көшені жарықтандыру мәселесі де назардан тыс қалмайды, – деді Сержан Жаңабекұлы.
Өз сөзінде қала әкімі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан істерге де тоқталып өтті.
Қалааралық жолаушылар тасымалы, ауыз сумен қамту, жылу маусымына әзірлік мәселелеріне қатысты журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.
Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»