Шахтинск қаласының жаңа әкімі тағайындалды
Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен және қалалық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Мұрат Есетұлы Қыдырғанбеков Шахтинск қаласының әкімі болып тағайындалды. Бұған дейін ол Қарағанды облысының өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасын басқарған.
Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Шахтинск қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысып, жаңа әкімнің кандидатурасын таныстырды.
Депутаттар бірауыздан қолдады.
Шахтинск қаласының бұрынғы әкімі Әскербек Халтонов басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды.
Облыс әкімі қаланың жаңа басшысына міндеттер қойды.
– Үнемі бақылауды қажет ететін бірінші кезектегі міндет – алдағы жылыту маусымына дайындық және оны өткізу. Қаланың тұрғын үйлері мен ұйымдарының дайындығын қамтамасыз ету қажет. Үйлерін пешпен жылытатын тұрғындармен көмір сатып алу мәселелері бойынша жұмыс жүргізу қажет, – деді Жеңіс Қасымбек.
Сонымен қатар, инфрақұрылымды дамыту және қаланы абаттандыру жобаларын жүзеге асыруды жалғастыру қажет. Негізгі міндеттер қатарында инвестиция тарту мен кәсіпкерлікті қолдау да бар.
Мұрат Қыдырғанбековтің мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша жоғары білімі бар. 2008 жылдан бастап мемлекеттік қызметте.
Саран қаласының кәсіпкерлік бөлімінде, Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасында бас маман қызметін атқарған. Қарағанды облысының өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасында экономика секторларын жоспарлау, дамыту және жергілікті қамту бөлімінің бас маманы, кейін басшының орынбасары болды. Қарағанды облысы әкімі аппаратының инспекторы қызметін атқарған. Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары болған. 2021 жылдың наурыз айынан осы уақытқа дейін Қарағанды облысының өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасын басқарды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.