Шахтинскіде орын алған өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды
Қарағанды облысы ТЖД-нің 112 пультіне полиция қызметкерлерінен Шахтинск қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде тұрмыстық газ баллонынан газ-ауа қоспасының жарылысы болғаны туралы хабарлама келіп түсті.

Хабар түскен сәттен бастап 4 минут ішінде ТЖМ күштері мен құралдары оқиға орнына жетті. Барлау барысында жиһаз бен тұрмыстық заттардың жануы орын алғаны анықталды.
Құтқарушылар баспалдақ арқылы жоғарғы қабаттардан 5 адамды эвакуациялады. Өрт сөндірушілер келгенге дейін полиция қызметкерлері де тұрғындарды эвакуациялаған, ал қалған тұрғындар ғимараттан өз бетінше шыққан.
Тұрғындарды жылыту үшін ТЖМ-нің вахталық автокөлігі жұмылдырылып, қосымша жылыту пункті ұйымдастырылды.
Оқиға салдарынан 8 адам зардап шекті, оның ішінде 5-еуі полиция қызметкерлері. Барлығы медициналық мекемелерге жеткізілді.
ТЖМ күштерімен өрт 40 шаршы метр аумақта толықтай сөндірілді.
Аталған өрт фактісі бойынша бөтеннің мүлкін қасақана жоюға әкеп соққан қылмыс белгілерімен қылмыстық іс қозғалды.
Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, полиция қызметкерлері 40 жастағы күдіктіні ұстады. Қазіргі уақытта ол Шахтинск қалалық ауруханасының арнайы палатасына жатқызылып, оған күзет қойылған. Сауығып шыққаннан кейін уақытша ұстау изоляторына қамалады.
Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайларын анықтау мақсатында жан-жақты әрі объективті тергеу амалдары жүргізілуде.
Оқиға орнында ТЖД бастығының жетекшілігімен өрт сөндіру штабы құрылып, өрт сөндіру бөлімшелері, құтқару топтары, медицина қызметкерлері, полиция және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмыс істеуде.
Аяулым СОВЕТ



