АймақБас тақырыпШахтинск

Шахтинск қаласында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының үздіктері анықталды

Шахтинск қаласының Кеншілер мәдениет сарайында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының іріктеу кезеңі өтті. Жарысқа қала мектептерінен жүздеген оқушы қатысып, «Бөгенбай батыр» жырын (жырау Тастыбай Жағыпарұлы нұсқасы) жатқа айтудан сайысты.

Жоба Қарағанды облысы әкімдігінің және «AMANAT» партиясының қолдауымен өткізіліп отыр.

Іс-шараға арнайы келген Қарағанды облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Алма Шалабаева мен қала әкімінің орынбасары Сәрсенбай Жаппаров байқауда бақ сынап жатқан өрендер мен ұстаздарға рухани дем беріп, өнерлерін тамашалады.

Байқауға «Тұлпар мініп, ту алған» жобасының Қарағанды облысындағы жетекшісі Дәурен Сейітжанұлы, «Bolashaq» академиясының профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұхамедғали Әбдуов, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы филиалының төрағасы Дулат Әбдіқалықов, ардагер ұстаз, филолог Алтынгүл Уманова,«Бастау» оқу-әдістемелік орталығының қазақ тілі курсының оқытушысы Сәндібек Уристемов қазылық етті.

Сайыс барысында оқушылардың жырды кідірмей, мүдірмей оқуы, жырды толық жаттауы, мәнерлеп айтуы басты критерий ретінде ескерілді.

Нәтижесінде қазылар шешімімен Шахтинск қаласы бойынша үш оқушы мен олардың ұстаздары жеңіс тұғырынан көрініп, байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды:

1 орын (150 мың теңге) – Ә.Бөкейханов атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Аққу Айбатқызы, дайындаған мұғалімі – Айжан Қаржасова.
2 орын (100 мың теңге) – Ә.Бөкейханов атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Айгерім Есенбаева, дайындаған мұғалімі – Айжан Қаржасова.
3 орын (70 мың теңге) – Ә.Бөкейханов атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Шахнұр Тұрғанова, дайындаған мұғалімі – Мейрамгүл Күзембаева.

Айта кетейік, Қарағанды облысында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы қыркүйек айында жарияланған болатын. 6–10 сынып оқушылары арасында өтіп жатқан байқаудың аудандық (қалалық) кезеңі 20–28 қараша аралығында ұйымдастырылуда. Ал облыстық кезең 10 желтоқсанда өтеді деп жоспарланып отыр.

Іріктеу кезеңінен суырылып шыққан жүлдегерлерді облыстық сында да бағалы сый-сияпат күтіп тұр. Бірінші орын алған оқушыға 1 000 000 теңге беріледі және Қарағандыдағы жоғары оқу орындарының бірінің грант иегері атанады. ІІ орынға – 500 000 теңге, ІІІ орынға – 250 000 теңге тағайындалған.
Сонымен қатар жеңімпаз оқушыларды дайындаған ұстаздардың да мерейі үстем болмақ. Айрықша атап кетерлігі, І орын иегерінің ұстазына жеңіл автокөлік сыйға беріледі.
Жалпы, байқауға облыс бойынша мыңнан астам мұғалімнің жетекшілігімен 4200-ге жуық оқушы қатысуда.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button