Шахтинск

Шахтинск қаласында кеншілер күні тойланды

Шахтинск қаласы – облыстағы белді өндіріс ошақтарының бірі. Көптеген көмір өндірісі саласының ардагерлері тұратын қала күнненкүнге дамып келеді. Шаһар басшылығы мен тұрғындар атаулы күнге биыл да айрықша ұқыптылықпен дайындалды. Мұны 25 тамыз күні қалада ұйымдастырылған шара барысында байқадық. Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ қала тұрғындарын кәсіби мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін айтты және ерен еңбектері үшін алғысын білдірді.

Қалалық мәдениет сарайының алдындағы алаңда демалушылар арасында қазақ күресі, армрестлинг, кір тасын көтеру, арқан тартыс, көлік жарысы сынды спорттық сайыстар мерекелік кешке жиылғандарды баурап алып, мейрамның маңызын арттыра түсті.

Түс мезгілінде 20 шақырым қашықтыққа аламан бәйге, 10 шақырым қашықтыққа құнан жарыс, 5 шақырым қашықтыққа тай жарыс бәйгесі өтті. Бәйгені тамашалаушылардың қарасы қалың болды. Арқалары қозып, бойларын рух кернеп, қиқулап шабандоздардың делебесін қоздырды.

«Уголек» мейрамханасында қала әкімінің көмір өндірісі үздіктері және Мереке шуағы «Шахтер даңқы» төсбелгісінің иегерлерімен кездесуі өтті. Жылы-жылы естеліктер айтылып, ардагерлерді мерекелерімен құттықтады жұртшылық.

Кездесуден кейін жергілікті көркемөнер ұжымдары өз өнерлерін көрсетті. Қала күні мен Шахтерлер күніне орай ұйымдастырылған футболдан қала әкімі кубогінің финалдық кездесулері өтіп, жеңімпаз анықталды.

Кешкі гала-концертте қала әкімі тұрғындарды мерекемен құттықтап, шараға қатысқан өнер ұжымдары мен талантты жастарға Алғыс хаттар тапсырды.

Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің өнер ұжымдары өз бағдарламасымен көпшілікті тәнті етсе, Ержан Максим, «Райм және Артур» дуэті сияқты республикаға танымал әншілер жастарға тың серпін сыйлады.

Мерекелік шара отшашумен аяқталды.

Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Back to top button