«Шахтерский» хоры 60 жылдық мерейтойын атап өтті
Жаңа Майқұдық мәдениет үйінің сахнасында мерейлі мереке – «Шахтерский» халықтық хорының 60 жылдық мерейтойына арналған «С песней по жизни» атты салтанатты концерт кең тыныспен, көркем әсермен өтті. Алпыс жыл бойы кеншілер қаласының өнер айнасын айшықтап келген атақты хор бұл кеште өзінің шынайы өнерін, биік кәсіби деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеп, өнерсүйер жұртшылықты әннің құдіретімен баурап алды.

Кеншілер өлкесінің ән шежіресіне айналған «Шахтерский» хорының мерейтойына мәдениет саласының ардагерлері, жастар, бірнеше буын өкілдері және хордың әндерін тыңдап өскен қарағандылықтар көптеп жиналды. Залдың толуы халықтың хор өнеріне деген құрметі мен ыстық ықыласының айқын көрінісі болды.
Кештің ашылуында Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Берік Досымбеков хор ұжымын мерейлі мерекесімен құттықтап, Қарағанды қаласы әкімінің атынан шығармашылық табыс пен мықты денсаулық тіледі. Қала әкімі Мейрам Кожуховтың арнайы құттықтау хатын сахна төрінде оқып, ұжым басшылығына табыс етті.
Бұдан бөлек, Берік Мырзаұлы қала әкімінің атынан хордың еңбегі сіңген мүшелеріне Алғыс хат табыстады.
Өнер кешінде «Теміржолшылар» мәдениет сарайының директоры Серік Мұқанов та жүрекжарды лебізін білдіріп, ұжымның алпыс жылдық жолы шығармашылық еңбек әрі тұтас бір дәуірдің үнін жеткізген рухани қазына екенін атап өтті.
– Бүгін аты аңызға айналған «Шахтерский» халықтық хорының мерейлі сәтіне куә болып отырғаныма қуаныштымын. 60 жыл – айтулы белес. Сіздерді тыңдап өскен талай буын бүгінде ағалық жасқа жетті. Осы қарқыннан таймай, ел ертеңі үшін еңбекқор, патриот ұрпақ тәрбиелеу ісінде бірге еңбек ете берейік, – деді Серік Мұқанов.
Сонымен қатар, ол хор ұжымына облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының, мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығының атынан сертификат табыс етті. Өз атынан ұжым мүшелерінің әрқайсысына Алғыс хат пен гүл шоғын ұсынды.
Мерейтой қонақтарының қатарында Әлихан Бөкейхан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Марат Аймағамбетов те болды. Ол аудан әкімі Досбол Күлекеевтің арнайы жолдаған құттықтау хатын оқып, құрметпен табыс етті.
Кештің көркемдік деңгейін көтерген концерттік бағдарламада өнер көрсеткен топтар легі өзара үйлесім тауып, мерекелік шараны мазмұнды етті. Атап айтсақ, «Шахтерский» халықтық хоры, Кеншілер мәдениет сарайының «Шахтерский» хореографиялық ансамблі, «Молодежный» мәдениет үйінің «Вдохновение» еңбек ардагерлерінің халықтық хоры, «Теміржолшылар» мәдениет сарайының «Магистраль» халықтық ардагерлер хоры өнер көрсетіп, кештің көрігін қыздырды.
Одан бөлек, белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Ару әжелер» ансамблі, «Надежда» ардагерлер хоры, «Нұрби» үлгілі хореографиялық ансамблі, «Жас толқын» вокалдық тобы секілді өңір мәдениетінің үздік шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, көрерменнің қошеметіне бөленді.
Алпыс жыл ішінде «Шахтерский» халықтық хоры Қарағандының рухани келбетіне айналып отыр. Еліміздің әр түпкірінде өнер көрсетіп, сансыз тыңдарманның жүрегінен орын алған ұжымның шығармашылығы – адал еңбек пен шынайы өнердің айғағы. Хор – тарихы терең, рухы биік кеншілер өңірінің дауысы іспетті.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»
ҚАРАҒАНДЫ



