«Шахтердың» қайраты
«Шахтер» күтпеген жерден «Астананы» ұтып кетті. 1:0.
Матч жексенбі күні Қарағандыда өтті. Көш басындағы «Астана» «Шахтерге» шекеден қарап, ойынға негізгі құрамдағы бірқатар ойыншыларын шығармады. Қарағандылықтар мұндай мүмкіндікті мүлт жібермеді.
Елордалықтардың сәтсіз шабуылдарын жерлестеріміз қарымта шабуылдармен түйіндеп отырды. Сондай сәттердің бірінде «шахтерлік» Иван Пешич қақпашы Ненад Эричті қапы қалдырды. Бұл – 39-шы минут еді. 1:0.
Екінші таймда «астаналықтар» таразы басын теңестіруге ұмтылды. Алайда, «Шахтер» қорғанысы сыр бермеді.
Осылайша, бұған дейін топ бастап келген «Астана» 41 ұпаймен екінші сатыға сырғыды. «Атырауды» ұтқан «Тобыл» (Қостанай) 42 ұпаймен алға шықты. «Ертісті» (Павлодар) жеңген «Қайрат» та (Алматы) «Астананы» қуып жетті. 41 ұпай.
Ал, бұл жеңістің арқасында «Шахтердің» жағдайы жақсарып, 7-ші сатыға көтерілді. Қоржында – 30 ұпай.
«Шахтер» келесі ойынды шымкенттік «Ордабасыға» қарсы өткізеді. Ойын 11 тамызға белгіленген.
Нұрқанат ҚАНАПИЯ.