Бас тақырыпБасты тақырыпСпорт

“Шахтер” ФК жекеменшікке өте ме?

«Шахтер» футбол клубының бастауы сонау 1957 жылда жатыр. 1958 жылы ресми түрде футбол клубы ретінде тіркелді. Содан бері бұл ұжым көмірмен даңқы шыққан қарағандылықтардың мақтанышына, өңірдің бір символына айналды. 2011 жылы «Қазақстан чемпионы» атанды. Бұған дейін де ел біріншілігінің ақтық сындарына дейін жеткен еді. Қазақстан Премьер-Лигасында ойнайтын командалардың үздік үштігінде болды. 2012 жылы чемпиондықты сақтап қалды. Ал, 2013 жылы Еуропаның жоғарғы лигаларында ойнап жүрген тәжірибелі белоруссиялық «Батэ» командасын екі матчта да жеңді. Албаниялық «Скендербеу» ұжымын, тіпті, 3:0 есебімен ойсыратқан. «Астана – арена» стадионында әйгілі һәм титулды шотландиялық «Селтикті» 2:0 есебімен жеңуі – Еуропа футболын Қазақстанға жалт қаратқан. Тұтас ел болып, «Кеншілер шаһарының командасы кәрі құрлыққа жорыққа аттанды» деп сүйіншілеген едік. Сол тамыры тереңде жатқан, бір кезеңде даңқ пен атаққа кенелген клубтың бүгінгі хәлі мәз емес. Еуропаның турнирі былай тұрсын, Қазақстанның жоғарғы лигасынан да төменге құлдырап кетті. Басшылығы мен жаттықтырушысын қанша ауыстырса да, қанша қаржы құйса да, еш нәтиже жоқ. «Шахтер» жанкүй- ерлері алаңдаулы. Жағдайды реттеу үшін облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев футбол клубын жеке меншікке өткізуді ұсынды. Осыған орай «Шахтер» футбол клубы акционерлік қоғамын» жекешелендіру мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Тыңдауға облыстық мәслихат депутаттары мен ардагер спортшылар қатысты.

Суреттерді түсірген А.Марченко

Бүгінде жеке меншікке өткен командалар қаржылық мәселелерін өздері шешіп, ел турнирлерінде оң нәтиже көрсетіп жатыр. Бастысы – отандық футболға жұмсалатын мемлекеттік бюджеттің көл-көсір шығыны азайды. Жеке меншікке өткен алматылық «Қайрат» футбол клубының жетістігін мысал ретінде алуға болады. Алматылықтар Еуропаның әйгілі чемпиондар лигасында өнер көрсетіп жатыр. Тіпті, Испанияның корольдік клубы «Реал Мадридті» Алатаудың етегінде ойнатып, қазақстандық футбол жанкүйерлеріне шаттық сыйлады. Осы мәселені ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев назарға алды. Ол биылғы Қазасқтан халқына Жолдауында «…Футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездету керек. Дегенмен, футболды коммерцияландыру ісін жалғастыра беру керек. Мұндай қадамсыз Қазақстанда футбол дамымайтынын әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз. Қазіргі заманда кәсіби спортты қомақты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастырған жөн», – деген.

Жолдаудан кейін аймақ басшысы облыстық мәслихатқа «Шахтер» футбол клубын жекешелендіру мәселесі бойынша көпшілік тыңдаулар өткізу туралы бастамамен жүгінді. Содан кейін облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжановтың төрағалығымен «Шахтер» футбол клубыакционерлік қоғамын» жекешелендіру мәселесі бойынша кеңес те өткен.
Достық үйіндегі тыңдауда тұрақты комиссия төрағасының әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі орынбасары Ерден Халилин төрағалық етті. Ол келелі жиынның маңыздылығына тоқталды.

– Бүгінгі тақырып тек меншік мәселесі емес. Бұл – қазақстандық футболдың болашағы, оның бәсекеге қабілеттілігі, тиімділігі мен қоғамдық өмірдегі рөлі туралы мәселе. Бұл тақырыпты дәл бүгін талқылау өзекті болмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 8 қыркүйекте жарияланған Қазақстан халқына  Жолдауында футбол клубтарын жекешелендіру үдерістерін жеделдету қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл мәлімдеме нақты мақсаттарды ғана емес, сонымен қатар, спортқа деген көзқараст мемлекеттік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі ретінде қайта айқындайды. Қазіргі тенденциялар футболды тек бұқаралық ой-ын-сауық ретінде ғана емес, сонымен бірге, қоғамдық прогресс, жастарды дамыту, әлеуметтік келісімді нығайту және саламатты өмір салтын насихаттау құралы ретінде қарастыруға болатындығын көрсетеді. Бүгінгі күні
Қазақстанда небары төрт футбол клубы ғана бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады.
Бұл өз кезегінде бірқатар жүйелі тәуекелдерді туындатады. Соның ішінде, мемлекеттік қаражаттың тиімсіз пайдаланылуы, әлсіз менеджмент пен ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлаудың болмауы, клубтар басшылығының жиі ауысуы секілді проблемалар бар. Бұл клубтар айтарлықтай қаржылық салымдарға қарамастан, төмен нәтижелер көрсетуде, – деді Ерден Халилин.

Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Елнар Уахитов клубты жекешелендіру процесінің қалай жүріп жатқаны турасында баяндама жасады.

– Мемлекеттік мүлікті жекешелендіру рәсімі Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы № 920 қаулысымен бекітілген Жекешелендіру объектілерін сату қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады. Облыс әкімдігінің 2025 жылғы 23 маусымдағы №34/03 қаулысымен бекітілген Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы туралы Ережеге сәйкес, басқарма облыстық коммуналдық мүлікті жекешелендіру функцияларымен және оның сатушысы ретінде өкілеттіктермен қамтамасыз етілген. Осыған байланысты, басқарма бүгінгі күні «Шахтер» футбол клубы» акционерлік қоғамын жекешелендіру туралы алгоритм әзірледі. Оның аясында Жекешелендіру нысанын бағалау қызметтерін сатып алу рәсімі өткізілді. «Шахтер» футбол клубы» акционерлік қоғамының 100% мемлекеттік акциялар пакетінің  нарықтық құнын айқындау мақсатында «Tengri Consult» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен шарт жасалды. 4 қарашада жекешелендіру нысаны туралы ақпарат e-qazyna.kz веб-порталындағы тізімге енгізіледі. Ал, 5 қарашада мемлекеттік меншік объектілерін жекешелендіру мәселелері жөніндегі комиссияның отырысын өткізу жоспарланып отыр. Онда комиссия шешімі негізінде нысан бойынша бастапқы баға, сауда нысаны мен шарттары айқындалатын болады. Сауданы өткізу туралы хабарландыру 6 қарашада жарияланғаннан кейін, сауданы өткізу күні 21 қараша болып белгіленеді, – деді басқарма басшысы.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев те «Шахтер» футбол клубының бүгінгі ахуалына қатысты баяндама жасады.

– Бүгінде «Шахтердің» баланстық құны 47 млн теңгені құрайды. Клуб еншісінде үш автобус және 2011 жылғы Hiace автокөлігі кіреді. Клубтың балансына ешқашан стадион, манеж немесе академия кірмеген. Іс жүзінде клубтың материалдық базасы тек көлік құралдарымен шектеледі. Жолдауда кәсіби спорт саласында оң өзгерістер болып жатқаны атап өтілген. Бюджет қаражатынан легионерлерді қаржыландыруды шектейтін заң қабылданды. Бұл – мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалану мақсатында жасалған қадам. Мемлекет басшысы футболды коммерцияландыруды жалғастыру қажет екенін ерекше атап өтті. Себебі әлемдік тәжірибе көрсеткендей, нарықтық механизмдерге өтпей, Қазақстандағы футбол толыққанды дамымайды. Кәсіби спортты тек ел имиджінің элементі ретінде емес, сонымен қатар, елеулі экономикалық және әлеуметтік әсер әкелетін заманауи бизнес-индустрия ретінде қарастыру қажет. «Шахтерді» жекешелендіру уақытылы және стратегиялық тұрғыдан негізделген қадам болып табылады. Клуб мемлекеттік қаражатта өмір сүріп, нәтижеге таласпайтын болса, жанкүйерлердің сенімі мен қызығушылығы төмендейді.  Ал, футбол – бұл эмоциялар, амбициялар, күрес. Мемлекеттік қаржыландыру клубтың тіршілігін қамтамасыз ете алады. Бірақ, оны сәтті және бәсекеге қабілетті етпейді. Бюджеттік қаражат әлеуметтік тұрақтылықты қолдау үшін арналған, кәсіби спортты құру үшін емес, – деді Серік Сәпиев.

Басқарма басшысы клубты жекешелендіру – қызметінің тиімділігін арттыруға, қосымша инвестициялар тартуға және облыстық бюджеттің жүктемесін азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Үнемделген қаражатты жаппай футболды дамытуға, спорт инфрақұрылымын салуға және өңірдегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін қолдауға бағыттауға болатынын да айтты.
Қазіргі уақытта облыста жеке инвестор тарапынан жалпы құны 11 млрд теңгеден асатын футбол академиясын салу жобасы жүзеге асырылып жатыр екен. Серік Сәпиев жеке инвести- циялар тартылмайынша, клуб тұрақты жұмыс істей алмайтынын алға тартты. Тыңдалым барысында «Шахтер» футбол клубын жекешелендіру – бұл спортқа мемлекеттік қолдауды тоқтату емес, жаңа және тиімді даму моделіне көшу болып есептеледі.
Онда негізгі рөл инвесторлар мен басқарушылардың бастамасына, жауапкершілігіне және кәсібилігіне басымдылық беріледі» деген пікірлер айтылды. «Шет елдерден қыруар қаржыға келетін легионерлерге деген тәуелділіктен арылу үшін футбол академиясында талантты футболшылардың жұлдызын жағуға басымдықберілуі тиіс» деген пікірлер де жиналғандардың тарапынан қолдау тапты. Сала басшылары жасаған баяндамалардан кейін ашық пікір айтушыларға кезек келді.
Облыстық мәслихаттың депутаты Меруеш Башай облыс басшылығынан клуб тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпес үшін жаңа егесін таңдауда аса мұқият болуды өтінді. Облыстық мәслихат депутаттарының барлығы дерлік футбол клубын жекешелендіру ұсынысын құптады. Депутат Қадиша Оспанова да Шахтер» клубы жеке меншікке өтсе, алдағы уақытта айтарлықтай жетістіктерге жететініне сенімді. Депутаттардың пікірін спорт ардагерлері де қолдады. Олар жаһан жұрты бұрыннан осы жүйеге көшкенін және бұл жүйе өте тиімді екенін айтты.

Ерік НАРЫН
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button