«Шахтердің» қорғанысы күшейді
Қарағандылық «Шахтер» футбол клубы былтырғы маусымды сәтсіз аяқтаған-ды. 24 ойында 10 ұпай ғана жинап, турнир кестесінде 13-ші орынға табан тіреді. Клубтың құлдырауына байланысты, былтыр жыл соңында клубтың президенті ауысқан болатын. Сәйкесінше, жанкүйерлері де «Жаңа басшы жаңа өзгерістер алып келеді» деп сенді. Дегендей-ақ екен, жаңа директор Талғат Дүйсеков қызметіне келе сала жаңа ойыншыларды қатарға қосты. Әріге бармай-ақ, жыл басынан бері қарағандылық клубта орын алған өзгерістерге тоқталсақ…
Әуелі клуб басшылығы қорғанысты қалыпқа келтіріп алуды жөн көрген секілді. Олай дейтініміз, семейлік «Елім-ай» футбол клубының 35 жастағы тәжірибелі қорғаушысы Михаил Габышевпен келісімшартқа отырды. Михаил – негізі қарағандылық клубтың түлегі. Үлкен алаңға осы кеншілердің жейдесімен шыққан. Кейін «Атырау», «Каспий Ақтау», «Астана» сапына ауысып, «Шахтерге» келгенге дейін семейлік «Елім-ай» футбол клубының сапында өнер көрсеткен. Сонымен қатар, 35 жастағы тәжірибелі қорғаушы Олжас Керімжановты да «Атырау» сапынан арнайы алдыртқан. Бұл қорғаушыны футбол жанкүйерлері жақсы білер. Қорғаныста мығым әрі допты әріптестеріне дәл жеткізіп бере алатын шеберлігі де бар. Былтыр атыраулық клубтың сапында қорғаныста жүрсе де, шабуылға араласып, гол салған ойыншы. Ал, мұндай ойыншылар кеншілердің сапына керек-ақ.
Петропавлдық «Қызылжардың» жартылай қорғаушысы Рафаиль Оспанов та биылғы маусымда кеншілер жейдесімен алаңға шықпақ. 27 жастағы футболшы соңғы үш маусымды «Қызылжар» сапында өткізген. Алаңға жиі шығып, мергендігімен де көзге түскен. Одан бөлек, түркістандық «Тұран» футбол клубының шабуылшысы Рифат Нурмугаметті де жыл басында «Шахтер» өз сапына алды. 28 жастағы футболшының соққысы дәл, жылдамдығы мен дриблингі де жоғары деңгейде. Аталған клубта 51 матч өткізіп, 14 гол салған.
Биыл кеншілер Премьер-лигадан төмендеп, Бірінші лигада өнер көрсетпек. Ал, мұндай құлдырау кеншілердің тарихында болмаған. Ендігі мақсат – кезінде дүркіреп тұрған «Шахтерді» бұрынғы дәрежесіне көтеру. Осы мақсатта әуелі клубтың қорғанысына ден қойды. Сәйкесінше, қорғаныс күшейді. Енді ойын тактикасын жолға қою…
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан