Спорт

«Шахтер» жаттығуды бастады

Қарағандылық «Шахтер» футбол клубы маусымалды дайындық жұмыстарын бастап кетті. Өздеріңізге мәлім, былтыр жыл соңынан бері күні бүгінге дейін біршама ойыншыны қатарына қосты. Қорғанысты күшейтті. Шабуылды нықтады. Ендігі мақсат – бірінші лиганы жеңіп, Премьер-Лига сапына қайта оралу. Бүгінде жерлестер Қарағандыда функционалдық жаттығу жұмыстарын аяқтап, Астанаға аттанды. Яғни, дайындық жұмыстарының екінші кезеңін елордада өткізбек. Ал, үшінші кезеңі – Түркияда жалғасады. Сонымен қатар, күні кеше семейлік «Елім-ай» клубының жартылай қорғаушысы Юрий Перцухпен де келісімшартқа отырды.

Клуб ойыншылары жаңа мау­сымға дейін үш кезеңнен тұратын жаттығу жұмыстарын өткізбек. Ал, Астанадағы жаттығу жұмыстары осы айдың 28-іне дейін созылмақ. Екінші кезеңде «кеншілер» тактикалық жаттығу жұмыстарын өткізеді. Яғни, байланысты нығайтып, былтырғы олқылықтармен жұмыс істейді.

– Әуелі «Шахтер» ойыншылары психологиялық тренингке қатысып, бір-бірін жақын танып білді. Әрқайсы өзіне маңызды жайтты түсініп, командалық рухты нығайта түсті. Алаңда біз – бір тұтас командамыз. Ал, алаң сыртында біз тек әріптес емес, нағыз дос болуымыз қажет. Осындай тренингтер бізге жай ғана команда емес, тұтас бір отбасы болуға көмектеседі, – делінген клубтың хабарламасында.

Үшінші дайындық кезеңі 4-24 ақпан аралығында Түркияда өтеді деп жоспарлануда. Онда «Шахтёр» қарсыластарымен бақылау матчтарын өткізеді деп күтілуде.

Команда сапына жаңадан қосылған Юрий Перцух осыдан екі маусым бұрын «кеншілер» жейдесімен алаңға шыққан. Сол уақытта команда сапында 25 ойын өткізіп, екі гол және бес голдық пас берген. Былтыр «Елім-ай» сапына ауысып, 14 ойынға қатысқан. Нәтижесінде екі гол салып, екі голдық пас берген. Бұған дейін «Ақжайық», «Астана», «Атырау», «Ақтөбе» сынды команда сапында өнер көрсеткен.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет клубтың баспасөз қызметінен

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button