Бас тақырыпБасты тақырыпСпорт

“Шахтер” өз алаңында “Тараздан” есе қайтарды

Футболдан Қазақстан бірінші лига ойындарының аяқталуына екі ойын ғана қалды. Ал, қарағандылық «Шахтер» болса турнирлік кестеде 50 ұпаймен IV орында тұр. Өткен жолы жерлестер өз алаңында «Тараз» клубын қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Десе де, жерлестер соңғы ойындарды өз пайдасына шешкенімен турнирлік кестеде көтеріле алмай тұр.

Сурет клубтың баспасөз қызметінен

«Шахтер» «Таразға» қарсы алғашқы ойынды сырт алаңда ойнаған болатын. Өкінішке қарай 0:4 есебімен жеңіліп қалған. Бұл жолы жерлестер сәтсіздікті айналып өтіп, жеңіс туын желбіретті. Ойынның бірінші айналымында есеп ашылмады. Тек, бас төреші алаң қожайындары сапынан Айдос Таттыбаев пен қарсыластар сапынан Мирас Жақсымбетовті «сары қағазбен» жазалады.

Ал, екінші таймда алаң иелері ойыншыларды ауыстырып, тактикалық тұрғыда өзгеріс енгізеді. 46-минутта қос шабуылшы Сұлтан Шымырхан мен Айдос Таттыбаевтың орнын алмастырады. Олардың орнына қорғаушы Әлихан Исраилов пен шабуылшы Арман Нүсіп ойынға қосылып, барынша шабуылға ден қояды. 51-минутта Аңсар Алтынхан қарсылас команда қорғаушыларын қапы қалдырып, есеп ашты. 74-минутта алаңға тыңнан қосылған Әлихан Исраилов екінші голды салып, командасына жеңіс сыйлады. Қазіргі уақытта турнир кестенің көш басында ақтаулық «Каспий» клубы тұр. Еншілерінде – 62 ұпай.

Одан кейінгі сатыда 57 ұпаймен павлодарлық «Ертіс» клубы. Ал, ІІІ орында жерлестерден бір ұпай айырмашылығымен жоғары өскемендік «Алтай» клубы тұр. Сұрмергендер қатарында «Шахтер» шабуылшысы Максим Галкин ІІ орында тұр. Ол маусым бойы 13 гол салып, алты нәтижелі пас берген. Ал, Арман Нүсіп бұл тізімде VI сатыда. Оның еншісіне 11 гол және  сегіз голдық пас жазылған. 

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button