«Шахтер» турнир кестесінде екінші орынға көтерілді
Футболдан Бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының IX турында қарағандылық «Шахтер» командасы өз жанкүйерлерінің көз алдында маңызды жеңіске қол жеткізді. Жергілікті команда алматылық AKAS клубын 4:2 есебімен тізе бүктіріп, турнир кестесінде 20 ұпаймен екінші орынға көтерілді.

Өткен жолы жерлестер өскемендік «Алтаймен» ойнағанда қарсыластарына есе жіберген еді. Осылайша турнирлік кестеде бір саты төмендеп, ұпай жоғалтқан. Ал, бұл жолы оларға жеңілуге болмайды. Басты мақсат – Премьер-Лига жолдамасы. Ал, жолдама тек үздік екі клубқа ғана беріледі.
Кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ ойын қарқынды басталды. 4-ші минутта қарағандылық команданың шабуылшысы Айдос Тәттібаев есеп ашып, жанкүйерлердің үмітін оятты. Алайда алматылықтар жылдам қарымта қайтарды. 11-ші минутта Шерзат Пірімбердиев, 13-ші минутта Аруп Саутов мергендік танытып, AKAS командасын алға шығарды.
Бірінші тайм аяқталар тұста, 40-шы минутта Айдос Тәттібаев тағы да гол соғып, дубль авторы атанды және есепті 2:2 теңестірді.
Екінші таймда алаң иелері шабуылды үдете түсті. 51-ші минутта Олжас Керімжанов командасын алға шығарса, 76-шы минутта Алмас Нүсіп матчтың соңғы нүктесін қойды. Есеп – 4:2.
Осылайша жерлестер өз алаңында сенімді жеңіске жетіп, 3 ұпай еншіледі. Әрі турнир кестесінде ІІ орынға жайғасты. Бұл жеңіс команданың рухын көтеріп, келесі ойындарға сенімді қадам жасауына жол ашты.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz