«Шахтер» ширай түспек
Қарағандылық «Шахтер» футбол клубының сапына өткен айда бірнеше ойыншы қосылған еді. Бұл жолы клуб басшылығы тағы да екі ойыншыны қатарға қосты. Одан бөлек, клуб басшылығы Pro Sport Performance ұйымымен өзара ынтымақтастық келісімге отырды.

Өткен аптада клубқа Стамбұлдың атақты «Галатасарай» клубының скауты Жихан Өнал ресми сапармен келген еді. Бұл жолы маманды клуб басшылығы арнайы шақыртқан. Шетелдік маман U16, U17, U18 жасөспірімдер командасының ойынын тамашалады. Әрі негізгі құрама команданың қос кездесуін, яғни, сырт алаңда және өз алаңында өткізген ойынын көріп қайтты.
Сапар соңында Жихан Өнал халықаралық аренада өнер көрсетуге қабілеті бар талантты ойыншылардың барын айтып, шетелдік клуб сапына ауысу мәселесін көтерді.
Сонымен қатар, клуб басшылығы күні кеше Pro Sport Performance ұйымымен келісімшартқа отырды. Яғни, кеншілер кәсіби және жасөспірімдер командалары үшін сапалы резерв даярлау бағытында аталған ұйыммен жұмыс істемек. Атап айтсақ, кәсіби футбол талаптарына сай келетін бапкерлер құрамын, білікті дәрігерлерді, физиотерапевттер мен реабилитологтарды жасақтамақ.
Командаға жаңадан қосылған қорғаушылардың бірі – Сұлтан Сағынаев. Бұл ойыншының чемпиондық тәжірибесі мол. Әрі халықаралық деңгейде шыңдалған, УЕФА Жастар лигасында мергендігімен көзге түскен ойыншы. Одан бөлек, елдегі топ-клубтар мен ұлттық құрама сапында бақ сынаған.
Бүгінде клубтың қорғанысы атап айтарлықтай емес. Сондықтан, артқы шепті күшейту үшін дәл осындай жас әрі талантты ойыншылар керек-ақ. Клуб басшылығы олқылықтың орнын толтыру мақсатында осы ойыншыны аттай қалап, сапқа қосты.
Ел чемпионы әрі Бірінші лиганың жеңімпазы қорғаушы Жасұлан Қайыркенов те клуб сапына қосылды. Мол тәжірибесі бар әрі әмбебап қорғаушы енді кеншілер жейдесінде өнер көрсетпек. Әлбетте, тәжірибелі ойыншыға клуб басшылығы зор сенім артып отыр. Командаға жаңа серпін әкеліп, тактикалық тұрғыдан өзгерістер жасайды деген үміт мол. Қазіргі уақытта клуб жас ойыншылардан жасақталған. Ал, бұл дегеніңіз, жеңіске деген жігердің, үміттің мол екендігін білдіреді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»