Спорт

«Шахтер» шаң қапты

Қарағандылық «Шахтер» клубы Қазақстан Бі­рінші Лигасының VIII ту­рында сүрінді. Маусым бас­талғалы жеңіліссіз келе жат­қан жерлестер бұл жолы сырт алаңда өскемендік «Ал­тай» клубына есе жіберді. Осылайша, жеңісті уысынан шығарып алған олар үш ұпайдан қағылып, турнирлік кестеде бір саты төмен сырғыды. Яғни, 17 ұпаймен ІІІ орынға төмендеді.

Клубтың баспасөз қызметінен

Алаң иелерінің көрсеткіші – жаман емес. Соңғы жеті турда тек жамбылдық «Тараз» клубымен өткен ойында ұпай жоғалтқан. Одан бөлек, «Ақтөбе жастары» мен «Екібастұз» командасымен тең түсіпті. Дегенмен, салыстырмалы тұрғыда жерлестер тәжірибе жағынан жеңуі керек-ті. Бірақ, біз ойлағандай болмады.

Алғашқы болып алаң иелері есеп ашты. Ойынның 15-ші минутында шабуылшы Сергей Хижниченко көзге түсті. Алаңның оң қапталынан қорғаушыларды алдап өткен Ибрагим Дадаев ортаға пасс асырған. Осы тұста Сергей орнынан табылып, еш қиындықсыз қақпаға соққы жасады. Өкінішке қарай, қақпашы Игорь Шацкий бұл соққыға төтеп бере алмады.

Дегенмен, жерлестер бұнымен тоқтап қалмады. Ойынның 28-ші минутында шабуылшы Арман Нүсіп қарсылас қақпасын бетке алды. Бірақ, қорғаныш шебіндегі қорғаушы алдынан кесе-көлденеңінен шыққан соң, допты алаңның орта тұсына асырды. Осы сәтте қарсылас қорғаушылары допқа бірінші жеткенімен, допты уысынан шығарып алды. Ал, оң жақ қапталда жүрген Рифат Нурмугамет қақпаға соққы бағыттап, таразы басын теңестірді.

Екінші айналымда жерлестер тарапынан шабуыл үздіксіз жасалды. Бірақ, тепкен добы әріптестеріне жетпей қалып жатты. Одан бөлек, қарсылас қақпашысы Әбілхайыр Әлиакбар допқа бірінші жетіп, шабуылға нүкте қойып отырды.

64-ші минутта алаң иелері шабуылға шықты. Алаң ортасынан қақпаға асырылған допқа Әділет Омарбек бірінші болып жетуге ұмтылған еді. Осы тұста жерлестер сапынан қорғаушы Александр Мигунов та айып алаңына енген допты кері қайтармақ болды. Бірақ, Әділетке қарсы ойын ережесі бұзылды. Ал, бұл – 11 метрлік айып соққысы. Өскемендіктер сапынан айып добын Ибрагим Дадаев орындап, командасына жеңіс сыйлады. Ал, жерлестерге таразы басын теңестіруге сан мүмкіндік болғанымен, сүреңсіз ойын көрсетті.

Сегіз ойынның қорытындысы бойынша 21 ұпаймен көш басында – ақтаулық «Каспий» клубы тұрақтады. Ал, екінші сатыда үш ұпай айырмашылығымен павлодарлық «Ертіс» клубы тұр. Енді жерлестер маусымның 13-інде өз алаңында алматылық «AKAS» клубын қабылдайды.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button