«Шахтер» маңызды ұпайдан қағылды
Қазақстан Бірінші лига ойындарының аяқталуына да бір ғана тур қалды. Қарағандылық «Шахтер» соңғы тур алдындағы ойында маңызды ұпайдан айырылып қалды. Жерлестер сырт алаңда ақтаулық «Каспиймен» кездесіп, 2:3 есебімен жеңілді.

баспасөз қызметінен
Бұл ойын қарағандылықтар үшін маңызды кездеу еді. Олай дейтінім, жерлестер турнир кестесінде 50 ұпаймен – IV орында. Ал, үшінші сатыда 51 ұпаймен өскеменнің «Алтайы». Егер жерлестер ақтаулықтарды жеңгенде, Премьер-Лигаға өту мүмкіндігі бар еді. Өскемендіктер осы кезеңде турнир кестесінде ІІ орында тұрған павлодарлық «Ертіспен» кездесті. Оларға да осы ойыннан ұпай жоғалтпай, ұпай еншілеу қажет. Себебі, өкшелеп келе жатқан қарағандылықтар бар. Жасыратыны жоқ, дәл қазіргі сәтте осы лиганың басты фавориттерінің бірі – «Ертіс». Оң-солына қарамай, қарсыластарынан айласын асыруда. Қарқыны қатты. Ал, осы командаға қарсы шыққан өскемендіктер кездесуде 1:1 есебімен тең түсті. Жеңіс оған да жоқ, бұларға да жоқ. Тең ойын біздікілер үшін үлкен мүмкіндік. Яғни, қарағандылықтар «Каспийді» жеңсе, ұпайлары теңеседі. Бірақ, гол айырмашылығымен жерлестер бір саты жоғары көтерілер еді. Бірақ, «Шахтер» сырт алаңда маңызды ойында ұпай еншілей алмады.
«Каспий» – көш басындағы клуб. Әрі турнир кестесінде өзге командалардан ұпай айырмашылығымен де көші ілгері тұр. Оған соңғы ойындардың аса маңызы жоқ еді. Сондықтан, қосалқы құрамменен де ойнауға рұқсат. Бірақ, қарсыластар олай істемеді. «Шахтермен» ойында босаңсымады. Тіпті, 29-минутта бірінші
болып есеп ашты. Ал, жерлестер сапынан 40-минутта Арман Нүсіп таразы басын теңестіріп, жеңіс үшін команда барын салды.
Екінші айналым басталысымен «Шахтер» сапынан Артем Литош көзге түсіп, командасын есепте алға шығарғантын. Алайда, алаң иелері 53-минутта қайтадан таразы басын тең қылды. Есеп – 2:2. «Шахтер» үшін маңызды ойын бұл. Сондықтан, ешкім осалдық танытпауы қажет. Барынша шабуыл ұйымдастырды.
Қорғаныста да осалдық танытпады. Бірақ, қарсыластар негізгі уақытқа қосылған қосымша минуттарда қақпадан саңылау тауып, жеңісті жерлестерден жұлып алды.
Осылайша, «Шахтер» сырт алаңда маңызды ұпайға қол жеткізе алмады. Енді олар осы лигадағы соңғы ойынын – «Түркістанға» қарсы өткізеді. Ал, турнир кестесінде өзінен бір саты жоғары тұрған «Алтай» клубы шымкенттік «Оңтүстік Академиясымен» ойнайды. Жерлестер соңғы ойында жеңіске жеткенімен, өскемендіктер қарап отырмасы анық. Қысқасы, «Шахтер» келер жылы да Бірінші лигада ойнайды.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»