Бас тақырыпСпорт

«Шахтер» футбол клубының жаңа бас бапкері таныстырылды

Бүгін Қарағандыда Freedom Holding Corp. пен Қарағанды облысының әкімдігі арасында өңірде кәсіби футболды дамытуға бағытталған өзара ынтымақтастық туралы меморандум бекітілді. Маңызды құжатқа Freedom Holding Corp.-тың бас атқарушы директоры Тимур Турлов пен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қол қойды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Аталған меморандум Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың футбол клубтарын жекешелендіру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында жасалды. Бұған дейін Freedom Holding Corp. компаниясының «Шахтер» футбол клубын сатып алғаны белгілі болған еді. Клубты жекеменшікке беру барлық заң талаптарына сай жүзеге асырылды: мүлікке кешенді бағалау жүргізіліп, қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылды, содан кейін ғана клуб ашық саудаға шығарылды.

Іс-шара барысында Тимур Турлов клубты сатып алуға қатысты барлық әкімшілік-бюрократиялық рәсімдердің толық аяқталғанын атап өтіп, холдингтің «Шахтердің» болашағына сенімі зор екенін жеткізді.

– Біз аңызға айналған клубты қайта жаңғыртып, оның жұмысын жаңа деңгейге шығарамыз. «Шахтер» тек Қазақстан чемпионатында ғана емес, еурокубоктарда да лайықты өнер көрсетуі тиіс. Қазір клубтың айналасында қалыптасып жатқан команда қазақстандықтардың мақтанышына айналатын нәтижеге қол жеткізетініне сенемін. 2026 жылы бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр, бірақ тағы да атап өткім келеді: біз жылдам әрі сырт көзге ғана әсер қалдыратын жетістіктерге ұмтылмаймыз. Біз ұзақ мерзімді, жүйелі жұмысқа басымдық береміз, – деді Тимур Турлов.

Клубты дамыту үшін бірқатар стратегиялық бағыттар айқындалды. Олардың қатарында жергілікті жастарға негізделген сапалы селекциялық жүйе құру, заманауи цифрлық құралдарға сүйенетін аналитикалық бөлім ашу, сондай-ақ медициналық қызметті толық жаңғырту көзделген.

Өз кезегінде Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев меморандум аймақтық спортты басқарудағы жаңа философияның бастамасы екенін атап өтті.

– Бүгін біз клубты жаңа инвесторға беру туралы келісімге қол қойып отырмыз. Мемлекет басшысының футбол клубтарын жекешелендіру жөніндегі тапсырмасын орындай отырып, біз спортты басқару философиясын да түбегейлі өзгертіп жатырмыз. Бұл – ашықтыққа, жауапкершілікке және тұрақты дамуға негізделген мүлде жаңа басқару тәсілі. Қазірдің өзінде балалар мен жасөспірімдер футболындағы нақты өзгерістерді көріп отырмыз. Тимур Русланұлының бастамасының арқасында Freedom QJ League белсенді түрде дамып келеді. Бұл – ашық іріктеу мен адал бәсекеге негізделген жүйе, ол дарынды ойыншыларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Мұның барлығы жас футболшыларды даярлаудың мүлде жаңа мәдениетін қалыптастырады, – деді аймақ басшысы.

Салтанатты жиында «Шахтер» футбол клубының жаңа бас бапкері де таныстырылды. Бұл қызметке Қазақстан футболындағы ең тәжірибелі мамандардың бірі Дмитрий Огай тағайындалды. Ол жаттықтырушылық мансабында екі мәрте Қазақстан чемпионы атанып, ел Кубогын және Еуропаның Интертото кубогын жеңіп алған.

– Осындай ауқымды әрі жоғары жобаның бір бөлігі болғаныма қуаныштымын. «Шахтер» – бай тарихы бар клуб. Біз оны қайтадан Премьер-лига медальдары үшін күресетін және еурокубоктарда өнер көрсететін деңгейге шығаруға бар күшімізді саламыз. Бұл жолда бізге дарынды жергілікті жастар үлкен көмек көрсететініне сенемін. Алда атқарылар жұмыс көп, маусымаралық кезеңді барынша тиімді пайдалануға тырысамыз. Клуб басшылығына көрсеткен сенімі үшін алғыс айтамын, – деді Дмитрий Огай.

Айта кетейік, Тимур Турлов 2023 жылдан бері Freedom QJ League футбол лигасының қамқоршылық кеңесінің төрағасы қызметін атқарып келеді. Лига екі жыл қатарынан Metaratings Top Awards нұсқасы бойынша «Жылдың үздік спорт ұйымы» атанса, Тимур Турлов «Үздік спорт менеджері» атағына ие болды. Сонымен қатар лига Altyn Adam Sport Marketing сыйлығының бірнеше дүркін жеңімпазы.

Freedom QJ League жасөспірімдер футболына «ақылды» камералар, Wyscout жүйесі және басқа да озық технологияларды белсенді енгізіп келеді. Ал жаттықтырушыларға арналған FF Manager цифрлық платформасы халықаралық деңгейдегі бірнеше беделді digital-премияларда үздік деп танылды.

Биыл тамыз айында Тимур Турлов Қарағанды облыстық футбол ассоциациясының (QOFA) президенті болып сайланды. Оның бастамасымен өңірде ALGA! мектеп жобасы, Freedom Balalar Futbol Ligasy, сондай-ақ жаттықтырушылар мен дене шынықтыру мұғалімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламалары іске асырылуда. 2029 жылға қарай бұл жобалар 40 мыңнан астам адамды қамтиды деп жоспарланған.

Сонымен қатар Freedom Holding Corp. Қарағанды қаласында жасөспірім ұлдар мен қыздарға арналған заманауи футбол академия-интернатын, 3 500 орындық стадионды, жабық манежді және толық өлшемді жаттығу алаңын салу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Академияға бөлінген жер телімінің аумағы 9,61 гектарды құрайды. Жобаның жалпы құны 12 млрд теңге және ол толықтай холдингтің жеке қаражаты есебінен қаржыландырылады.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button