Спорт

«Шахтер» футбол клубы жаңа маусымға дайындық жұмыстарын бастады

«Шахтер» футбол клубы жаңа маусымға дайындық жұмыстарын бастап кетті. Бұл жолы клуб мүшелері оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін Түркияға аттанды. Енді олар маусым алдындағы негізді дайындық кезеңін 22 қаңтарға дейін Анталия қаласында жүргізетін болады.

Суреттер клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Оқу-жаттығу жиыны барысында команда ойыншыларының физикалық дайындығын арттыруға, тактикалық машықтарын шыңдауға және алаңдағы өзара түсіністікті жетілдіруге айрықша мән берілмек. Сонымен қатар, «Шахтер» клубы Түркиядағы дайындық кезеңі аясында екі жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Бұл матчтар команданың жалпы дайындық деңгейін бағалауға, футболшылардың мүмкіндігін толыққанды сынап көруге мүмкіндік бермек. Клубының бас бапкері Дмитрий Огай команданың оқу-жаттығу жиыны жайында сөз қозғап, командада жастардың көп екендігін баса айтты.

– Жігіттердің көңіл-күйі жақсы. Көптен күткен дайындық кезеңінің басталғанына қуанышты. Ең бастысы – барлығы сапта, футболшылар өздерін жақсы сезініп жүр. Шымкентте біз селекциялық-танымдық оқу-жаттығу жиынын өткізген болатынбыз. Енді осы жерде де ойыншылармен жеке жұмыс жүргізіп, оларды жақынырақ тани түсеміз. Бұл кезең, негізінен, физикалық дайындыққа басымдық беруге бағытталмақ. Сонымен қатар, техникалық, тактикалық жұмыстарды да қатар жүргіземіз. Күштік дайындық пен жалпы төзімділікті арттыру жаттығулары да жоспарға енгізілген. Құрамда жастар көп. Осы жиын барысында олардың әлеуетін тереңірек бағалауға мүмкіндік аламыз, – деді ол.

Сонымен қатар, бас бапкер қосымша тағы да дайындық жұмыстарын өткізетінін де мәлімдеді.

– Команда – тірі ағза секілді. Маусым барысында түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Жарақаттар, құрамдағы өзгерістер, жаңа футболшылардың қосылуы. Мұның бәрі бәсекелестіктің бір бөлігі. Қажет болған жағдайда құрамды күшейтетін ойыншылар да тартылуы ықтимал. Бұл жиыннан бөлек, Түркияда тағы екі оқу-жаттығу жиынын өткізу жоспарда бар. Қазіргі уақытта Бірінші лига ойындары нақты қашан басталатыны әзірге белгісіз. Сондықтан қосымша бір дайындық кезеңін Шымкентте немесе Астанада өткізуіміз әбден мүмкін, –  Дмитрий Огай.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр қарағандылық «Шахтер» Бірінші лигада өнер көрсетіп, маусымды IV орынмен аяқтаған болатын. Биыл клуб басшылығына, ойыншыларына артылған міндет зор. Яғни, Премьер-лига сапына оралу. Ал, биыл команда премьер-лига жолдамасына қол жеткізе ала ма?

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button