«Шахтер» футбол клубы Түкияда үшінші жолдастық кездесуін өткізді
Қарағандылық «Шахтер» футбол клубы Түкияда өтіп жатқан екінші оқу-жаттығу жиындары аясында үшінші жолдастық кездесуін өткізді. Бұл жолы жерлестер өзбекстандық «Қоқан 1912» клубымен ойнап, 1:3 есебімен жеңіліп қалды.

Айта кетейік, «Қоқан 1912» клубы – Өзбекстандағы ең көне клуб. Әуелде «Мускоманда», яғни, «Мұсылмандар командасы» деп аталған көрінеді. Бірақ, Кеңес үкіметі орнаған соң бұл атауға тыйым салынып, «Қоқан» деп өзгертілген. Содан кейін 1926 жылы алғашқы Өзбек КСР чемпионатына қатысып, 1987 жылы ғана чемпион атанады. Одан кейін клуб өз тарихында үш мәрте Өзбекстан бірінші лигасының чемпиондары атанады. Ал, былтырғы маусымда клуб Өзбекстан суперлигасын ХІІ орынмен аяқтаған.
Бас төреші ысқырық шалысымен қарсыластар допты ойынға қосты. Әуелі допқа иелік етіп, қарағандылықтарға аяғына допты бермеп еді. Арада бір минут өтісімен жерлестер қарсыластардан допты алып, оң қапталдан шабуылға лап қойды. Оң қапталға ойысқан Рифат Нұрмұғамет қарсылас қорғаушысын қапы қалдырып, қақпаға соққы жасаған. Алайда, қарсылас қақпашысы Азизхон Исоков жойқын соққының бетін қайтарды.
Бұдан кейін қос команда шабуылды жиілетті. Оң қапталдан да, сол қапталдан да шабуылды үдетті. Кенет ойынның 7-минутында ««Қоқан 1912» клубы кезекті шабуыл ұйымдастырып, есеп ашты. Оң қапталдан Шохрух Гадоев қорғаныстағы әріптесінің берген пасына бірінші болып жетіп, алаңның ортасына пас асырған. Алайда, бұл допқа шахтерлік Игорь Шацкий бірінші болып жетіп, допты кері қайтарған. Бірақ, қарсылас команда шабуылшысы Тома Табатадзе допты тосып алып, ашық тұрған қақпаға сүңгітіп жіберді. Есеп – 0:1.
Бұнымен қарыластар тоқтап қалмады. Араға бір минут салып, Жавохир Хусанов есепті еселеді. Оң қапталдан ойысып кеп, қорғаушыны алдап өтіп тепкен добы, өкінішке қарай қақпадан табылды. Осылайша ойынның небәрі 8-минутында таблодағы көрсеткіш 0:2-ге жетті.
16-минутта қарсыластар қайтадан есеп ашты. Бұл жолы «Шахтер» қақпашысы Игорь Шацкий сол қапталдан ұйымдастырған қос шабуылшының шабуылына төтеп бере алмады. Есеп – 0:3.
Бірінші айналым аяқталмай тұрып, жерлестер есеп айырмасын қысқартып үлгерді. Әлбетте, қарсыластар басым ойында жерлестердің әр шабуылы, әр соққысы маңызды. 31-минутта қарсыластардың шабуылын тойтарып, қарымта шабуылға шыққан. Допқа иелік еткен Роман Асылбаев алыстан соққы жасап, қарсылас қақпашысын қапы қалдырды. Осылайша, кездесудің бірінші айналымында қос қарсылас 1:3 есебімен тарқасты.
Екінші айналымнан бастап, жерлестер ойын тактикасын өзгертті. Шабуылға басымдық беріп, алаңға тың ойыншыларды алмастырды. Бұдан кейін қарағандылықтардың ойыны ширай түсті. Бірақ, қарсылас команда қорғаныста сауатты ойнап, жерлестер таблодағы есепті өзгерте алмады.
Енді қарағандылықтардың оқу-жаттығу жиындары аясында өткізетін соңғы ойыны қалды. Келессі қарсылас – ресейлік «Leningradets» клубы.
Ербол ЕРБОЛАТ
“Ortalyq Qazaqstan”
Суреттер клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан



