«Шахтер» қауіпті аймақта
Қазақстан Премьер-лигасының 22-ші туры аясында қарағандылық «Шахтер» футбол клубы «Астана» командасымен ойнады. Матч Алатау бөктеріндегі «Хан тәңірі» стадионында өтті. Өкінішке қарай, кеншілер шаһарының ұжымы елордалықтардан 3:0 есебімен ойсырай ұтылды. Сөйтіп, кезекті ұпайын жоғалтты.
«Шахтер» командасы Премьер-Лиганың бірінші айналымында елордалықтарды 1:0 есебімен ұтқан еді. Матч Қарағандыда өткен. Ал, екінші айналымда қарсылас кеткен есені еселеп қайтарды.
Алғашқы гол ойынның 22-ші минутында соғылды. Доп «Шахтер» қақпасынының торына айып соққысынан тоғытылды. Қақпашы алаңына тым жақын қойылған доп тоғыздыққа дәл тиді. Гол авторы – 10-нөмірдегі Марин Томасов. Екінші гол да ұзақ күттірген жоқ. Ойын есебін ашқан 10-шы нөмірдегі Марин Томасовтың айып алаңынан әуелетіп асырған пасын 9-шы нөмірдегі Джеффри Чинедо қапы жібермей, қақпаға бағыттай алды. Бұл сәтте де қарағандылықтардың қақпасын қорғаған Егор Цуприков дәрменсіз болды. Матчтың 23-ші минуты еді.
Екінші таймда да «Астана» командасының шабуылы іркілген жоқ. Тіпті, есепті еселейтін бірнеше сәт болды. Бірақ, ойын нүктесі 54-ші минутта қойылды. 77-ші нөмірдегі Назми Грипшидің алыстан тепкен допы рикашет арқылы Егор Цуприковқа ұстатпай кетті.
Ірі есептен кейін жерлестеріміз есеп айырмасын қысқартуға қанша талпынғанымен, қарсыластың қорғанысы, тіпті, жартылай қорғанысы да жол ашып бере қойған жоқ. Керісінше, қарымта шабуылдар арқылы қарағандылық команданың қорғанысын бірталай әуреге салды.
Айқын жеңісінің арқасында «Астана» Премьер-Лига кестесінің 5-ші сатысына жайғасты. Ал, қарағандылықтар болса, Премьер-Лигамен қош айтысудың аз-ақ алдында тұр. «Шахтер» 9 ұпаймен 13-ші орында.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz