Поэзия
Шахтер аспаны
Аспан қанша болған сайын қап-қара,
Жұлдыздары жарығырақ жанады.
Жыртылсын бір қоп-қою шаң – жабағы,
Көтер, достым, жұлдызыңды жоғары!
Қабырғада ербеңдейді көлеңке,
Көлеңкелер жүр адымдап төбеде.
Жарқ-жұрқ етіп жарықтың айбалтасы
Қараңғының қабырғасын сөгеді…
Әр маңдайға шықты көлбеп бір-бір күн,
Шам дейміз біз кішірейтіп оны да.
Бүкіл қазақ жатқандайын жылынып,
Шахташының шам ұстаған қолына.
Қара тасқа қадалғанда сұр қайла
Уыс-уыс жұлдыз ұшып шығады…
Жарығы бар, жылуы жоқ,
О, жұлдыздың шуағы!
Жұмекен НӘЖІМЕДЕНОВ