Шахтинск – кеншілер қаласы. Мұнда қазіргі Qarmet, бұрынғы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның төрт бірдей кәсіпорны – «Шахтинск», «Тентек», «Қазақстан» және Ленин атындағы шахталары орналасқан. Еңбек және өндірістік қауіпсіздікті сақтамаудың салдарынан алдында Ленин атындағы, өткен жылы «Қазақстан» шахталарында қаншама адамның өліміне соқтырған апатты жағдайлар болған еді. Ал, бұл кәсіпорындарда санитарлық-эпидемиологиялық жағдай да мақтарлықтай емес. Ол әлі де жақсарта түсуді талап етеді.
Міне, осы мәселені Шахтинск қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары да жіті бақылауда ұстап, оларға тексерістер жүргізіп, кемшіліктер анықталған жағдайда тиісті шара қолданып отырады. Осы басқарманың қызметті жоспарлау және талдау бөлімінің бас маманы Нұрдәулет Қарасартовтың хабарлауынша, 2023 жылы басқарма қызметкерлері жоғарыда аталған 4 шахтаға жалпы сомасы 16 560 000 теңге көлеміндегі айыппұл салған екен. Бұл айыппұлдар оларға өндіріс орындары мен әкімшілік ғимаратында тазалық пен санитарлық нормалардың сақталмай, бұзылғаны үшін салынып, өндіріліп алынған. Биыл да басқарма мамандары бұл тексеріс жұмыстарын жалғастыруда.
Ержан ИМАШ,
Шахтинск қаласы
Ortalyq.kz