Бас тақырыпРесми

Шахтадағы өрт: жазықты – жұмыс беруші

Үкіметтік комиссия бес адам қаза тапқан «Қазақстан» шахтасындағы қайғылы оқиғаны тергеп-тексеру қорытындысын жариялады. Комиссия апат кезінде пайдаланылған техникалық құрылғылар мен жабдықтарға арнайы сараптама жүргізді. Сондай-ақ, өрттің пайда болуының және таралуының техникалық себептерін анықтау үшін өрт-техникалық сараптама да жасады. Кінәлі – жұмыс беруші. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов қатысқан баспасөз мәслихатында болашақта дәл осындай жағдайдың алдын алу үшін комиссия бұдан былай жазатайым оқиғаның себептерін жою бойынша іс-шаралар әзірленгенін де жеткізді. Бірақ, жыл сайын жасалатын ескертуді «елемей», адам өмірін «елең» қылмай келген «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамы бұдан кейін қандай әрекет қылары белгісіз. Өйткені, өрттің орын алуының негізгі және басты себептерінің бірі – конвейер таспасының тұтануы. Атап айтқанда, көмір конвейерінің шығыр­шығы деформацияға байланысты қарысып қалғандықтан, таспа үйкеліп, өрт шыққан. Салдарынан көмір тұтанған. Ал, мемлекеттік стандарт бойынша елімізде қолдануға болмайтын дәл осы таспа Үндістанның бір зауытында жасалған.

Апатқа себепші – төзімсіз таспа

Орнатылғанына небары 1,5 ай ғана болған көмір конвейерінің таспасы апатқа кінәлі. Үндістанда дайындалған таспаның сертификаты жоқ. Соған қарамастан, 50 шақырымына тапсырыс беріліп, Қарағандыға жеткізілген. Оны «Қазақстан» шахтасында ғана емес, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ өзге шахталарында да қолданып келеді.

Жалпы, сарапшылардың айтуынша, дәл осындай конвейер таспаларын шахталарда қолдануға рұқсат етілген. Бірақ, ол өртке төзімді болуы керек. Ресейдің Кемеров ғылыми-зерттеу орталығында жасалған сараптама қорытындысы бойынша, таспа – өртке төзімсіз.

– Сараптама қорытындысына сәйкес комиссия апат пен топтық жазатайым оқиғаның негізгі себептерін анықтады. Бірінші себебі – көмір конвейерінің шығыршығы қарысып қалғандықтан, конвейер таспасы үйкеліп, өрт шыққан. Екіншіден, шахтаның инженерлік-техникалық құрамы тарапынан өндірістік бақылау болмаған. Сондай-ақ, қауіпсіздік техникасы сақталмаған және энергия-механикалық қызмет бақылауға алынбаған. Үшіншіден, қауіпсіздік талаптары мен техникалық реттеу нормалары бұзылған. Атап айтқанда, сәйкестік сертификаты жоқ кенеп таспаның орнатылуы. Ал, соңғысы, жұмыс аймағының тозаңдануы және жану өнімдері мен тау-кен жұмыстары салдарынан ауа газданып, жұмысшылардың өліміне әкелген, – деді Сырым Шәріпханов.

Одан бөлек, министр еңбек заңнамасы нормалары да бұзылғанын атап өтті. Комиссия жұмысының нәтижесі бойынша жұмыс берушінің 100% кінәсі анықталды. Заңнаманы бұзуға жол берген 28 жауапты тұлға анықталды. Оның екеуі – жоғары лауазымды Үндістан азаматтары болса, 26-сы – қазақстандықтар. «Азаматтық қор­ғау туралы» Заңға сәйкес тергеп-тексеру нәтижелері құқық қорғау органдарына беріледі.

Өрт әлі сөнген жоқ

Сырым Шәріпханов атап өткендей, «Қазақстан» шахтасындағы өрт әлі тоқтаған жоқ. Апаттық учаскедегі жағдайларға байланысты осы учаскені оқшаулау шешімі қабылданған. Яғни, оттегін шектеу үшін 25 арнайы құрылым салынуда. Қазірдің өзінде 18-і салынып, қалғандары бойынша жұмыс жалғасуда. «Апаттық-құтқару жұмыстары аяқталғаннан кейін және шахтаның апаттық учаскесі қалпына келтірілгеннен кейін тау-кен жұмыстарын қайта бастау мүмкіндігі туралы шешім қабылданады», – дейді Төтенше жағдайлар министрі.

Бір айдан астам уақыт бойы құтқарушылар «Қазақстан» шахтасындағы өртті жоюмен күресіп жатыр. Бұл туралы брифинг барысында Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Қарағанды филиалы директорының бірінші орынбасары Геннадий Силинский мәлімдеді. Журналистердің «Тау-кен құтқарушылары неге дүкен сатушылары деңгейінде жалақы алады? Олар апатты жою кезінде өмірлерін қатерге тігеді емес пе?» деген сұрағына да өз жауабын айтты.

– Бүгінде қатардағы құтқарушының лауазымдық жалақысы – 250 мың теңге. Күрделі апатты жоюға бір айдан астам уақыт қатысқан адамдар апат аяқталғаннан кейін қосымша төлем алады. Респираторларда жұмыс істеген кезде адамдар тікелей шахтада өткізген кезең үшін төрт есе жоғары жалақы алады, – деді Геннадий Силинский.

Ал, егер құтқарушылар тиісті психо- эмоционалды жүктемеге төтеп бере алмаса, олар апатты жою кезінде немесе оның соңында жұмыстан шығатын жағдайлар да болатынын жеткізді ол.

Сараптама болжамға емес, дерекке сүйенді

Комиссия құрамында тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізу үшін «Қазақстан» шахтасына түскен «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының бас техникалық инспекторы Андрей Лукин де брифинг барысында пікірімен бөлісті.

– Шахтаға бізбен бірге өрт сарапшысы да түсті. Оқиға орны фотоға және видеоға түсіріліп, соның негізінде акт жасалды. Нәтижесінде сарапшы электр желісінің қысқа тұйықталуын жоққа шығарды. Өрт үйкеліс салдарынан механикалық энергия жылу энергиясына айналуынан болған. Одан таспа тұтанған. +50 градус температурада көмір өздігінен тұтанады. Яғни, 50 градуста көмір өзінің химиялық-физикалық қасиетін өзгертіп, жана бастайды. Конвейерді тоқтаусыз айналдыратын шығыршық қарысып қалғандықтан, кенеп таспа үйкелісінен туындаған энергия 80 градусқа дейін баруы мүмкін. Бұл көмірдің тұтануы үшін жеткілікті, – дейді Андрей Лукин.

Бас техникалық инспектор Кемеров ғылыми-зерттеу институты таспа орташа тұтану қасиетіне ие деген қорытынды шығарғанын айтып, Қазақстанда қолданылатын таспалар жанбайтын болуы керек екенін де жеткізді. Ал, Үндістанмен таспа сатып алуға келісімшарт жасаған – акционерлік қоғамның сатып алулар жөніндегі директоры.

– Таспаның сәйкестік сертификаты бар. Бірақ, Қазақстан Республикасында пайдалануға жарамсыз нормалар бойынша жасалған. Атап айтқанда, Үндістанның заңы бойынша жасалған. Сертификаттың өзі тек ағылшын тілінде ғана, – дейді Андрей Рудольфович.

Брифинг соңында Сырым Дүйсенғазыұлы «АрселорМиталл Теміртау» АҚ тарапынан қаза тапқандарды жерлеуге көмек көрсетілгенін, сондай-ақ, әр отбасыға жылдық жалақының 10 еселенген мөлшерінде төлем жүзеге асырылғанын атап өтті. Одан бөлек, қайтыс болған кеншілердің балаларына 18 жасқа толғанға дейін және жоғары оқу орындарында оқу кезеңінде қаржылай қолдау көрсетіледі.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button