Руханият

Шахтада шыныққан шайыр

Ақын, жазушылар газет-журнал, телеарна мен радио немесе театрда жұмыс істеуі керек сияқты көрінеді. Шындап келгенде олай емес. Олар да, шығармашылыққа еш қатысы жоқ қызметтерді атқарған, тіпті, мүлдем жұмыссыз жүргендерін де білеміз. Ал, шығармашылықты шыңдау үшін өндірістің қайнаған ошағына бару мүлдем бөлек әңгіме. Мәселен, Ғабит МҮСІРЕПОВ пен Ғабиден МҰСТАФИН Қарағанды туралы роман жазу үшін кеншілердің өмірін арнайы зерттесе, Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ «Қан мен тер» романын жазарда балықшылардың арасында көп жүріпті. Айта берсек көп. Сондай тәуекелшіл таланттың тағы бірі – қазақтың терең ойлы классик ақыны, мемлекеттік Әнұран мәтінінің авторы Жұмекен НӘЖІМЕДЕНОВ. Жұмекеннің шахтаға келу себебі мүлдем бөлек, біздіңше. Өйткені, поэзия да еңбек. Еңбекке піскен ақыннан осал өлең тумасы анық… Осыны зерделеу мақсатында Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасына барғанда Марат АЗБАНБАЕВ ағамыздың «Менің Қазақстаным – Жұмекен» кітабы ғана шықты алдымыздан.

Ал, кітапта көп дүние бар екен. Жұмекеннің өлеңдері де өз деңгейінде талданған. Оның шахтаға келуі хақындағы деректер, көркемөнерпаздар үйірмесіне домбырашы ретінде қатысуы, Кеншілер мәдениет сарайында концерттерге қатысуы, тіпті, Мәскеуге ансамбльдің құрамында баруы туралы деректердің бәрі осы кітапта тұр. Риза болдық. Неге десеңіз, «Шахтаға мен де барамын» өлеңін осы кезге дейін неге екені белгісіз «көлемді жыр» деп ойлап келіппін. Ғаламторды ақтарып, кітапхана қорындағы кітаптарын қарап, бұл өлеңді таба алмадық. Себебі, басқа-басқа Жұмекен туралы бірдеңе айту үшін нақты дерек керек. Сол өлең де осы кітапта тұр. Шыққан датасына дейін. «Лениншіл жас» газеті, 1955 жыл, 16 қыркүйек, №111(3882).

Ежелгі менің арманым –

Шахтер боп шығу болатын.

Қиялмен шарлап лаваны,

Жүрекке шаттық толатын.

Қолымда міне, жолдама,

Жарқ етті сол бір арманым.

Тұрыңдар, достар қатарға,

Шахтаға мен де барамын.

«Жұмекен Нәжімеденов, Қарағанды көмір бассейніне баруға тілек білдіруші комсомолец» деп қол қойылған. Өлеңге белін бекем буған ақынның шахтер болуды армандауы шынында қызық. Жалпы, таланттылардың өмірі қашанда құпияға толы ғой. Ал, мына екі шумақ өлеңнің жалғасы бар сияқты. Әрі қарай көрейік…

Шахтерлер өмірі хақында дауылпаз ақын Қасым Аманжолов та өлең жазған. Бұл да кез келген әдебиеттен хабары бар адамды ойлантары хақ. Бұған да жауапты Марат Азбанбаевтың «Қасым мен Жұмекен» мақаласынан таптық.

Біздің әдеби-құқықтық зерттеуіміздің нәтижесінде Қасым Аманжоловтың «Ақын мен шахтер» өлеңінің Жұмекен Нәжімеденовтің өмірі мен өнерінде ерекше орын алғаны анықталды. Атыраудан Алматыға оқу, білім іздеп келген жас Жұмекен комсомолдық жолдамамен Қарағандыға көмір қазуға аттанады. Мүмкін, жас Жұмекеннің ақын Қасымының «Ақын мен шахтер» атты өлеңін оқып шахтер болуды көңілінде арман-дат етуі де заңды құбылыс. Өйткені, Қасым өлеңінде ақындыққа құмарларға айтқан ескертпесі бар емес пе: «Шахтер болмай, Шабыт қонбай, Аша алмассың жыр кенін» деген. 1948 жылы жазылып жария етілген Қасымның «Ақын мен шахтер» өлеңін газет-журналды, ақындардың жаңа шыққан жыр жинағын құр жібермейтін сауатты, саналы оқырман Жұмекеннің оқуы тиіс еді деп санаймыз. Сонымен қатар, Қасым өлеңінде «Бізбен бірге Түс тереңге, Талабыңның түр жеңін. Сырты жарқын, іші салқын, Қойсаңшы құр сызуды; Тоңба өзің, Болсын сөзің, тас көмірдей қызулы» деп жастарға үн қатқанда Жұмекен жүрегі қалыс қала ма?! Әрине, «жер құлар, мерт қылар» деп қорықпай ол Қарағанды барды, кен шахтасын өмірдің қазып беріп, мәңгі өлмес, артқыға ой саларлық жыр жазып кетті. Жұмекеннің поэзиядағы ағасы Қасымның «Ақын мен шахтер» өлеңінде айтылмай қалған сырының, тартылмай қалған күйінің жалғасы іспеттес Қарағанды туралы «Еске алып едім» деп басталатын өлеңі бар. Біздің мұрағаттан кездестірген деректеріміз бойынша ой өлшесек Жұмекеннің бұл өлеңі адам баласының жер бетіндегі тірлігінің трагедияға толы тағдыр-талайына арналған шығарма деуге заңды негіз барлығын дәлелдеу болашақ ісі, – деп жазады Марат Ақторғайұлы.

Кітапханада ақын туралы жазылған кітаптар болмаса да, «zhumeken.kz» сайтында ақынның өмірі мен шығармашылығы хақында мол дерек бар. Алайда, осы деректердің басын құрап, кітап қылып шығарса, осыншама сарсаңға түспес едік. Сөрелерде тұрар еді ғой жарқырап.

Сонымен, жастайынан өлең-жыр, қисса дастанға әуес Жұмекен ақын шахтада жұмыс істейді. Өзі сияқты жастардың арасында жүріп, еңбектің қара қазанында бірге қайнайды.

Бір вагон қыз-жігіт комсомолдық жолдамамен жолға шығады. Сол жылғы 18 қыркүйек күнгі «Комсомолец Караганды» деген жастар газетінде сол патриот өрендердің Қарағандыға келгені жөнінде суретімен мақала жарияланады. Міне, біздің кенді өлкемізге келген 60 шақты жастың ішінде домбыра ұстаған Жұмекен де болған еді. Сол жылы күзде ол бұрынғы 33/34, кейінгі «Майқұдық» шахтасында көмір қабатын тіреуші (крепильщик) болып жұмыс істеп, сол кəсіпорынның №3 интернатында тұрған. Сегіз қырлы, бір сырлы Жұмекен өлең жазумен қоса домбырамен əн айтып, күй тартатын, тіпті, өзі де əн шығаратын болған. Осы өнерінің арқасында ол Қарағандыда да көзге түсті. Жұмыстан қажып жүрсе де сол 33/34 шахта жанындағы клубтың көркем өнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болады. Сонымен қатар, Кеншілердің мəдениет сарайының жанындағы əн-би ансамбліне қатысады. Ол осы өнерінің арқасында 21 жасында Мəскеуді көріп, атақты Колонналы залда əн шырқап, домбыра тартады. Себебі, 1956 жылы кəсіподақтар дың ұйымдастыруымен бүкілодақтық көркемөнерпаздар байқауы болған. Сонымен қатар, осы байқаудың жеңімпаздары əйгілі XX съезд делегаттарының алдында концерт береді. Осылайша, қарағандылық өнерпаздар əрлі-берлі жолы бар, барлығы бір ай жүріп келген екен. Оларды сол кездегі облыстық кəсіподақтар кеңесінің төрағасы Əукебай Кенжин бастап барған. Жалпы, Жұмекеннің азамат болып аяғынан тік тұруына, саяси көзқарасының қалыптасып, ой-өрісінің ұштала түсуіне, оның бір жылдай Қарағандыда болуы үлкен ықпал етсе керек, – депті Серік Сексенұлы «Қазақ көгіндегі қос жұлдыз» мақаласында.

Ағаның қамқорлығы ініге қашанда ауадай қажет. Өмір жолында жақсы адамдар жолыққан жалынды ақын осылайша өзінің азаматтық ұстанымын өлеңімен де, ісімен де дәлелдеді. Бұл – жоғалып бара жатқан қасиет.

Жұмекен Нәжімеденов сан қырлы адам болған екен. Қарағандыға келіп, көмір өндірісіне үлкен үлес қосыпты. Оны біздің архивте сақталған құжаттар дәлелдейді. Ол құжаттарды көздің қарашығындай сақтап келеміз. Әсіресе, оның шахтада жұмыс істегенін дәлелдейтін №394 бұйрық – ең қымбат асыл қазынамыздың бірі. Соңғы кезде іздеушілер қатары көбейіп келеді. Жұмекен ақынның жалынды жастық шағының куәсі болып табылатын құнды құжаттары өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі етіп көрсетуге тұрарлық тарихи ақиқат, – дейді облыстық мемлекеттік архиві көмір саласының жеке құрамы бойынша филиалының қойма меңгерушісі Нұрғайша Қабдиева.

Жұмекен ақынның Қарағанды туралы, кеншілер туралы жазған жырларын да парақтап шықтық. Кез келген адам көре бермейтін теңеулер бізді таң қалдырды. Бір мақалаға бәрін сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан, қасиетті Арқа топырағы хақындағы жырларын алдағы уақыт еншісіне қалдырдық.

Жалпы, Әбіш Кекілбаев, Әбділдә Тәжібаев, Ғафу Қайырбеков бастаған алыптар шоғыры Жұмекеннің шығармаларын жоғары бағалаған. Ақындардың көпшілігі өлең арнаған.

Ал, бүгінгі күн тұрғысынан қарасақ, белгілі әдебиет сыншысы Аманкелді Кеңшілікұлы: «Әділін айтсақ, Жұмекен поэзиясы әдебиетке адал қызмет етудің үлгі-өнегесі. Сондықтан, Жұмекенге қайтып оралу, Абайға қайтып оралумен пара-пар қасиетті ұғым. Өйткені, Жұмекен қазақ поэзиясында Абайдан кейінгі үлкен төңкеріс жасаған – ұлы реформатор» деп баға береді, «Қарлығаш дәурен» кітабындағы «Қазақ поэзиясындағы ренессанстық тұлға» мақаласында.

Иә, Абайдан кейінгі қазақ поэзиясындағы алыптар арасында ешкімге ұқсамайтын жырларымен жап-жарық болып сәуле шашып тұрған Жұмекен атты жұлдызды ешкім де енді ол биігінен түсіре алмасы анық.

Сөз басында неге шахтер болғысы келгенін енді ұққандаймыз. Сөйтсек, Жұмекен поэзияның, әдебиеттің кеншісі болуды армандаған екен. Арманына жетті. Бірнеше жанрда қалап тербеп, соңына мол мұра қалдырды. «Шахтаға мен де барамын» өлеңінің жалғасы бар сияқты» деген едік. Қателеспеппіз. Өйткені, ол өлеңнің жалғасы – оның тұтас поэзиясы, шығармашылығы еді. Ендеше, қайталанбас жырларды туғызған қайсар ақынды қанаттандырған Қарағанды топырағында, Қарағандының, Майқұдықтың шахталарында ұлы еңбектің, ұлы ақынның ізі жатыр.

Осы орайда, шығармашылық жолын Қарағанды топырағынан бастап, көптеген туындыларын арнаған қайталанбас ақынның атына Қарағандыдан бір көше берсек, артық болмас деген ұсынысымызды да ұмытқымыз жоқ. Мән-мағынасы жоқ қаптаған көшенің бірі Жұмекеннің атымен аталса, несі айып?!.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button