Жаңалықтар

Шахтаға түсіп көрдіңіз бе?

Қарағандыны қара алтынымен аты шыққан десек те оның тұрғындарындарының барлығы бірдей кенші атанып, шахтаға түсіп көрмегені анық. Түскісі келгенімен де оған рұқсат етілмейді. Ал, тау-кен индустриялық колледжіндегі шахта-музейге барсаңыз, кенішті өз көзіңізбен көре аласыз.


1981 жылы оқу кеніші ретінде басталған құрылыс төрт жылға созылып, аяқталыпты. Былтырғы жылға дейін аталмыш оқу орнының оқу шахтасы ретінде қолданылып келген. Өткен жылдан бастап қаладағы мәдени орындардың біріне айналған екен.
– Осы бір жылдың ішінде шахтамызды екі мыңнан астам адам тамашалады, оның ішінде шетелдіктері қаншама!– дейді колледждің өндіріс шебері, біздің жолбасшымыз Владимир Линдо. Осы жолы да экскурсияға бізбен бірге бірнеше адам ілесті. Отағасы Сергей – кенші екен, мектеп жасындағы екі ұлына өзінің жұмысын көрсетуге ниеттеніпті.
Жер астына түспес бұрын қойшы Аппақ Байжановтың көмірді тауып алғандығынан басталған аймақ тарихы тағылымды түрде, әр кезеңге сай жәдігерлерді тамашаладық. Кен орны игеріле бастаған алғашқы жылдары адамдардың жер бауырлап жүріп көмір қазып, оны арбаларға тиеп еңбек еткені, кейін қала мәртебесін иелеленнен соң шахта құрылыстары басталғаны көрсетілген. Соғысқа кеткен ер-азаматтардың орнына жер астына түскен әйелдердің еңбегі ерен. Сол кездегі барлық жұмысшылардың 30,3 пайызын әйелдер қауымы құрапты. Былғарыдан жасалған алғашқы каскалар, тізеге киетін қорғаныш қаптары, алғашқы шам, газ-метан өлшегіш құралдар, шахталық ұялы телефон – келушілер назарына ұсынылған. Қарағанды аймағынан алынатын көмір түрлерінің қабаттары көрсетілген. Жалпы төрт свитаға бөлінетін көмір қабаттарының 26 атауы бар екен. Әр қабатта метан газы бар. Біздің көмір сонысымен бағалы әрі қауіпті. Сонымен қатар, 1967 жылы дүниежүзілік ЭКСПО көрмесіне қойылған «Караганда 7/15» комбайнының кішірейтілген моделі де осында. Осы комбайнмен біздің кеншілер бір айдың ішінде екі мыңнан астам метр кен орнын жүріп өтіп, әлемдік рекорд орнатқан. Мұның әрқайсы туралы 30 жыл кенші болған Владимир Валентинович егжей-тегжейлі айтып бере алады.
– Мен жұмысқа келген 60-жылдардың соңында осындай былғары каскаларды бірен-саран киетіндер болды. Кейіннен барлығын өзгертті, арнайы киім үлгісін де жақсартты,– дейді ол.
Клеть, бізше – лифт жылдам қозғалады екен, секундына 12 метр. «Бұл қандай да бір апатты жағдай болғанда адамдарды тез алып шығару үшін. «Ондай жылдамдықта жарақат алмау үшін тізені бүгіп, ұстанып тұру қажет»,– деп түсіндірді жолбасшымыз. Клеть біздің 12 метр жер астына түсірді. Айнала – сыз, су тамшылап тұр. «Мұнда таза екен. Біздің шахта шаңнан көрінбейді»,– деп қояды Сергей өзінің жұмысымен салыстырып. Күңгірт шахта ішінде әрқайсымызға берген шам арқылы Владимир Валентиновичтің соңынан ердік. Оның айтуынша, шахтаны көпшілік келетін жерге айналдыру идеясын іске асыру үшін колледж ұжымы екі ай бойы бір кісідей жұмылып жұмыс жасапты. «Мұндай шахта-музей Қазақстан бойынша бізде ғана»,– деді ол мақтанышпен. Кеніштегі өндіру комбайны, көмір шығаратын конвейерлер, трансформатор, лава астына қоятын кешендердің барлығы қазіргі таңда шахталарда қолданылатын техникалар. Олардың жанында жұмыс істеп тұрған кеншілерді бейнелейтін манекендер де бір қарағанда шынайы көрінеді. Әрқайсының жанына ақпараттық тақтайша орнатылған.
– Шахтада мұндай кеңістік болмайды. Кешен лава астында қатарқатар орналасып, алдыға жылжи береді, соңында – «завальныйда» өздігінен құлап жатады. Кеншінің әр жұмыс күні үлкен тәуекел ғой негізі,– деді В.Лендо.
Қызығынан қиындығы басым мамандық иелерінің күн сайын бәлен метр жер астына түсуінің өзі шынымен ерлік.
Кеңес үкіметі тұсында жұмыс жасаған 26 шахтаның қазір сегізі ғана қолданыста. Қалғандары 1990 жылдары жабылып қалған. Сол бос, жабылып қалған шахталарды қайта жөндеуден өткізіп, шетелдік туристердің келетін жеріне айналдырса, қандай тамаша болар еді. Кеншілер астанасы шын мәнінде әлемге танылар еді.

Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button