Жаңалықтар

Шахмарал Кабулова: «Мемлекеттік рәміздер халықты ынтымаққа үндейді»

Бүгін біздің редакциямыздың қонағы – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздері жөніндегі Қарағанды облыстық комиссиясы инспекторлық жұмыс тобының мүшесі Шахмарал Майбекқызы Кабулова. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні қарсаңында біз ол кісімен аз-кем сұхбат құра кеткенді жөн санадық.

– Құрметті Шахмарал Майбекқызы қош келіпсіз! Алдымен анықтап өтсек, осы мемлекеттік рәміздерге нақты не жатады?

– Қош көрдік, рахмет! Иә, сауалыңыз орынды. 2007 жылдың 4 маусымындағы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Заңында басты үш мемлекеттік рәміз ретінде – Ту, Елтаңба және Әнұран-Гимн деп көрсетілген. Баса белгілей кеткен абзал, Мемлекет басшысының портреті мемлекеттік рәміздерге жатпайды.

– Егемен күннен бері қарай елдің бас атрибуттары бірнеше мәрте өзгертуге ұшырағаны аян. Ол нендей өзгерістер? Оқырманымыздың есіне салсақ…

– Тудың бүгінгі нұсқасы 1992 жылы өткізілген байқау барысында таңдалған. Қатысушылар арасында Моңғолия, Германия, Түркия, ТМД және т.б. елдердің өкілдері болды. Тудың қазіргі қолданыстағы нұсқасы – ортасында және сол жағында алтын түсті белгісі бар, көгілдір түсті тікбұрышты мата. Тудың ұзындығы оның енінен екі есе көп. Көк байрағымыз бостан елдің бірлігін, бейбітшілік пен ашық аспанды бейнелейді. Ал, ондағы символдар молшылықты, әл-­ауқат пен қуатты өмірді көрсетеді.

Қазақстан Республикасының Елтаңбасына келетін болсақ, ол 1992 жылдың 4 маусымында ресми бекітілді. Осыдан кейін бірнеше рет өзгерді. Елтаңбаның төменгі жағында «QAZAQSTAN» деген жазба жазылған. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының ұлттық стандартына бірнеше рет өзгерістер енгізілді. Бірінші стандарт 1992 жылы, екіншісі 1996 жылы, үшіншісі 2008 жылы, содан кейін 2014 жылы бекіді. Ал, 2018 жылы бұрнағы «ҚАЗАҚСТАН» атауы кириллицадан латын әліпбиіндегі «QAZAQSTAN» деген жазбаға ауыстырылды.

Мемлекеттік әнұран – Мемлекеттік Гимн екі рет – 1992 жылы және 2006 жылғы 6 қаңтарда бекітілді. Бүгінгі гимнің сөзін жазғандар: ақын Жұмекен Нәжімеденов пен Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Әнін жазған: көрнекті композитор – Шәмші Қалдаяқов. Өзіңізге мәлім, жаңа Гимн 2006 жылғы 6 қаңтарда Қазақстан Парламентіндегі бірлескен отырыста қабылданды. Оның негізі ретінде халық арасында кеңінен танымал болған «Менің Қазақстаным» деген ән.

– Мемлекеттік рәміздерді орналастыру тәртібі өзгерді ме?

– Мемлекеттік рәміздерді орналастыру ережесіне сәйкес, ғимаратқа кіреберістің күнқағарында (бар болса) және маңдайшасында – Елтаңба, төбесінде – Ту орналас­тырылады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын бір қабатты және (немесе) көпқабатты ғимараттарда экстерьерлік нұсқада орналастыру кезінде ғимараттың сәулеттік ерекшеліктері ескеріледі. Білім беру ұйымдарында мемлекеттік рәміздерді орналастыру бойынша жоғары оқу орындарының ғимараттарында Ту мен Елтаңба ғимараттың қабатына байланысты таңдалады (жоғарғы қабаттың жабындысында). Мектепке дейінгі және жалпы білім беру мекемелерінің ғимараттарында Ту Қазақстан Республикасының Ұлттық мереке күні және басқа да мереке күндері орнатылады. Елтаңба қолданылмайды. Үй ішінде бейнелемеде патриоттық бұрыштарды безендіру үшін орналастырылады. Тутұғыр мен ұштары бар төсеммен бірге келетін жиынтықта матаның көлеміне пропорционалды арақатынаста орындалған сап пайдаланылады.

Елтаңба қолданылады. Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мемлекеттік рәміздері бей­неленген және сипатталған стендтер­ді рәсімдеу үшін баспа полиграфиялық өнімімен рәсімделеді. Басшының кабинетінде Тутұғыр мен ұштары бар төсеммен бірге келетін жиынтықта матаның көлеміне пропорционалды арақатынаста орындалған сап пайдаланылады. Матадағы бейнені қолдану аппликация және кестелеу әдісі арқылы шашақтарды қолдана отыра мүмкін болады. Отырыс залдарында Ту мен Елтаңбаның өлшемдері бөлмедегі төбенің биіктігіне байланысты таңдалады. Мінбелерде өлшемі 250 мм болатын көлемді Елтаңба қолданылады.

– Рахмет, Шахмарал Майбекқызы. Әңгіме соңында Мемлекеттік рәміздер күні аясында облыста қандай іс-шаралар өткізілетінін қысқаша айтып берсеңіз…

– 4 маусымда Елордадағы «Атамекен Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінің алаңында Мемлекет басшысының қатысуымен жоғары оқу орындарының үздік түлектеріне офицерлік шен табысталып, Мемлекеттік Туды көтерудің салтанатты рәсімі өтеді.

Ал, Қарағанды облысындағы қала, аудандарында бірінші басшылардың қатысуымен Мемлекеттік Туды көтеру рәсімдері өту жоспарланған. Астана уақыты бойынша сағат 11.00-де адамдар көп жиналатын орындарда Мемлекеттік Гимнді бір мезгілде шырқау ұйымдастырылады. Облыс орталығы – Қарағанды қаласында бұл рәсім Тутұғыр алаңының маңайында өтеді.

Мереке күні барлық елді мекендерде Мемлекеттік Туды тұрғын үйлердің терезелері мен балкондарына іліп, «Ту – барлық үйде» республикалық акциясы өтеді. Әлеу­меттік желі тармақтарында Мемлекеттік Тудың суреттерін орналастырумен «Менің туым – менің мақтанышым!» жалпыұлттық челлендж басталмақ.

Бүгіннің өзінде барлық білім беру ұйымдарында мемлекеттік рәміздерді насихаттау және ілгерілету бойынша бірқатар ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер, сараптамалық кездесулер сынды мәні мен маңызға толы түрлі шаралар легі өтуде.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button