Шаханда 80-ге таяған бапкер балаларды жаттықтырып жүр
Қарағанды облысы, Шахан кентінің тұрғыны Есіркеп Жақсыбаев жасы 80-ге таяса да балаларды бокске баулып жүр, деп хабарлайды Оrtalyq.kz tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қария қарттар үйінде тұрады екен. Кезінде талай белестерді бағындырған спортшы бүгінде шәкірт тәрбиелеуде. Күнделікті 2 сағат уақытын спортзалда өткізеді. Бұл әдет бала кезден қалыптасқан екен. Бүгінде қарияның «ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы» деген спорт дәрежесі бар.
– Шәкіртім көп болды. Екеуі әлемдік турнирлерден жеңіске жетті. Солармен мақтанамын. Мен өзім қарттық дегенді білмеймін. Бар өмірімді спорт саласына арнадым. Қазір де осы спорттың арқасында ауру-сырқауды білмеймін. Адам көп жүруі, көп жүгіруі керек, – дейді ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Есіркеп Жақсыбаев.
Есіркеп Жақсыбаев бұрынғы Қарағанды дене шынықтыру техникумының түлегі. Жас кезінде спорт шебері атанған. Қазақ КСР біріншілігінің жүлдегері, республикалық жарыстардың жеңімпазы болыпты. Тіпті, Еуропа елдерінің рингтерінде де өз орынын алған.
– Оны Шахан кетінде бәрі біледі. Тіпті, Серік Сәпиевті де жаттықтырған. «Бокста намыс болу керек. Әрі әр спортшы биікке талпынуы керек. Жігер мен төзім керек». Әр жаттығудың алдында осындай сөздермен бізді жігерлендіреді, – дейді шәкірті Бақыт Асан.
Былғары қолғап шебері спорттан бөлек, орыс тілінде өлең жазады екен. Спорт залдан шыққан соң қалың дәптерін қолына алып, туған жерге деген махаббатын, мамандығына деген адалдығын осында жазатын көрінеді.
– Ағамыздың биден де хабары бар. Спорттан бөлек, би билеп, өлең жазғанды ұнатады. Күнде таңертең спортзалдан Шахтинскке дейін жүгіріп барып келеді. Есіркеп Қамайұлының туған інісі бар. Ол кісі де жиі келіп тұрады, – дейді «Шахтинск қаласының арнаулы әлеуметтік кызмет көрсету орталығы» КММ директоры Ерлан Жәукімов.
Қария 2011 жылдан бері қарттар үйінде тұрады екен. Ұлы қаза болып, қызы шетел асып кеткен. Ал, осы қарттар үйінде бүгінде өзімен тағдырлас 90 адам тұрады.