Шахтинск

Шахан жылусыз қалмайды

«Нұрлы жол» бағдарламасымен Шахтинскі қаласына қарасты Шахан кентіне биыл «жылу» келеді. Жылдар бойы үйін пешпен жылытқан тұрғындар үшін бұл жағымды жаңалық болды. Жақсы хабар жерде жата ма? Біз де, осы орталық қазандық құрылысының қазіргі жағдайын білу үшін жолға шықтық..

Шегініс жасайық. Шахан Шахтинск қалалық әкімдігіне қарайтын кент, Шерубайнұра өзеннің оң жағалауында, Қарағанды қаласының оңтүстік-батысында 35 шақырым жерде орналасқан. Іргесі 1950 жылы Қарағанды көмір алабының батыс қанатын игеруге байланысты қаланған. Яғни, бұл да кеншілер кенті. Бүгінгі күні бұл елдімекенде тұратындардың басымы өткен ғасырдың ортасында келген, «еңбегінің зейнетін» көріп отырған сол жердегі шахталардың ардагер кеншілері.

Осы жылдың күзінде «қазандық толық салынып бітіп, тұрғынүйлер жылумен қамтылады» дегенде, жергілікті халық қуаныштарын жасырмады. Өйткені, бұған дейін мейлі екі немесе бес қабатты үй болса да, олар отын тасып, көмірмен пеш жағып келген болатын.

Кент тұрғыны Нұржиған Қайырбекова:

Жасым 72-де, жолдасым да осында шахтада жұмыс істеді. Қыс келгенде қатты қиналамыз. Екі қабатты үйдің бірінші қабатында тұрсақ та, біз сияқты зейнеткерлерге өте қиын. Үйде осыған дейін пеш жағып келдік. Күнделікті көмір тасып, күл шығару деген біз үшін ауыр болатын. Биылғы қысты жылы үйде қарсы алғалы отырмыз. Қуаныштымыз, –дейді.

Кент әкімі Ғалым Өмірбеков болса «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы халыққа несие берілетінін айтады. Қазір бұл несиені қалай берілетіні және кейін қалай төленетіні туралы жергілікті халыққа түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр.

Несие 0,1 пайызбен беріледі. Оны төлеу, қазандық толық іске қосылып үйлерге жылу берілгеннен бастап, жеті жылға дейін созылады. Пәтер көлеміне шаққанда айына 2-5 мың теңге аралығында төлеп отырады. 116 үйдің 86-сымен кездесу өткіздік. Көбісі келісіп отыр. Оның ішінде 26 үйде «Шұбаркөл көмір» орнатқан жеке қазандықтар бар. Қалғандары электр және көмір жағатын пешпен отыр. Орталық қазандық қосылғаннан кейін жеке қазандықтарды келесі жылы алып тастаймыз. Орталық қазандық алдағы жылу беру маусымында дайын болады деп отырмыз, – дейді әкім.

Аталған жобаға ел қазынасынан 2 млрд. теңге бөлінген. Алғашқы мердігер барлық талапты орындай алмағандықтан, келісімшарт бұзылып, қазір жаңа мердігер анықталған. Содан бері құрылыстың тамырына қайтадан қан жүгіре бастапты. Шахтинск қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі басшысы міндетін атқарушы Жанболат Төребаев:

Шахан кентінің қазандық құрылысы 2019 жылдан бері салынуда.Содан бері екі мердігер ауысты. Бірінші мердігермен былтыр келісімшартты үздік. Сол уақыттан бастап жаңа мердігер «Механомонтаж-2004» ЖШС-мен жұмыс істеудеміз. Ғимараттар салынып бітті. Жалпы құрылыстын 80 пайызы аяқталды. Осы жылға бөлінген қаражаттан компанияға ақпан айында 200 миллион теңге бөлінді. Енді қалған қаражатты күтіп отырмыз. Кент тұрғындары аландамаса да болады. Қазандық 2021 жылы қараша айына дейін қосылады деп отырмыз,дейді.

Жауапты жұмысты қолына алған «Механомонтаж 2004» ЖШС мердігерлік ұйымының басшысы Ринат Абижанов бүгінгі таңда жұмыстардың бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес жүргізіліп жатқанын айтты.

Күн жылыған уақытта қазандықты тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Бұл қазандықтар Ресейдің Барнауыл қаласынан 400 миллион теңгеге сатып алынды. Бір ғана қазандық -25 градуста бүкіл Шаханды жылумен қамтамасыз етсе, мұнда үш қазандық тұр. Сондықтан кентті толық жылумен қамтамасыз етеміз деп сенімді түрде айта аламын – дейді жоба жетекшісі Ринат Абижанов.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

ШАХТИНСК қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button