ШАХАН: Тұрғындар тілегі – орталық жылу жүйесі
Бүтін елдің көзі – Шаханда. Қаңтардың алғашқы күнінде қайғылы оқиға орын алған кентке жан-жақтан қайырымдылық көші керуен тартуда. Астанадан көш жетті кеше. Мәжіліс депутаты Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ бастаған халық қалаулыларының бір тобы да Шаханда. Олар халықтың мұң-зарына құлақ түруде. Шахан тұрғындарының аттай қалап сұрап отырғаны – орталықтандырылған жылу жүйесі. Депутаттар тұрғындардың арзу-арманын Үкіметке жеткізуге уәде беруде. Мәселенің түйіні қаржыға байланып тұр. Жария етілген деректерге жүгінсек, орталықтандырылған жылу жүйесіне қажетті қаржы – 3 млрд. теңге көлемінде екен.
Қаза болғандардың отбасыларына материалдық көмек беруді, жерлеу рәсіміне қатысты шығындарды жергілікті билік мойнына алғандығы бұдан бұрын хабарланған. Шахтинск қаласының әкімдігі зардап шеккен тұрғындардың баспанасыз қалмайтынын айтып отыр.
Деректерге сүйенсек, ол пәтерлер қоғамдық қордағы қаражат есебінен алынбақшы. Сонымен бірге, бұл үйге оның маңына жеке қазандық салынатыны хабарлаған. Үйдің басқа бөліктерінде жылу, су, жарық апта соңына дейін қалпына келтіріліп, тұрғындар баспаналарына қайта оралатын болады.
Шахтинск қаласының әкімі Сержан Аймақовтың айтуынша, жарылыс болған төртінші подъездегі 15 пәтердің 5 үш бөлмелі пәтері толығымен бұзылған. Олардың орнына тұрғындарға басқа пәтер берілмек. Ал, 2,1 бөлмелі пәтерлер жөндеу көреді. Егер тұрғындар психиологиялық жағдайларына байланысты онда тұрудан бас тартса, басқа пәтермен қамтылмақ көрінеді.
Еске сала кетейік, 1 қаңтарда Шахтинск қаласындағы Шахан ауылында түнде тұрғын үйдің бір бөлігі опырылып, 9 адам қаза тапқан. Олардың үшеуі – ер адам, үшеуі – әйел, үшеуі – бала еді. Алдын ала жасалған болжам, қазандықтықтың жарылуы деген-тін.
Деректер Шаханда 19 көпқабатты үй автономды жылыту жүйесімен жылытылып, олардың ішінде 14 үйдің жертөлесінде қазандық орнатылғанын айтады.
Облыстық ІІД мәліметінше, ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы 3-бөлімі (екі және одан көп тұлғалардың өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА