Шабуылшылар құрамда қалды
Қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубының 2025-2026 жылғы маусымға дайындығы қызу жүріп жатыр. Команданың қазіргі жағдайына қарасақ, клуб басшылығы биыл да жанкүйер сенімінен шығуға бекем бел буған. Жаңа ойыншыларды қатарға қосып қана қоймай, негізгі құрамдағы тәжірибелі хоккейшілермен келісімшартты ұзартуда.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, команданың негізгі шабуылшыларының бірі Кирилл Пономарев қарағандылық клубта тағы бір жыл қалатын болды. Екі маусым қатарынан «Сарыарқа» сапында өнер көрсеткен ойыншы өткен маусымда 38 кездесуге қатысып, 3 шайба мен 3 нәтижелі пас тіркеген. Сондай-ақ, команда құрамында қалатын Владислав Сайко да екі маусым бойы тұрақты ойынымен көзге түсіп келеді. Былтырғы маусымда 35 матч өткізсе, 3 гол және 1 нәтижелі пас берген.
Клубтың тағы бір сенімді шабуылшысы – Руслан Демин. Ол соңғы үш маусымда команда құрамында өнер көрсеткен. Жыл сайын аталған клуб сапында 45-тен көп ойын өткізген. Өткен маусымның өзінде 5 шайба соғып, 16 нәтижелі пас беріпті. Жанкүйерлер арасында танымал шабуылшы алдағы маусымда да команда шабуылына серпін береді деген сенім бар.
Өткен маусымда 7 шайба мен 13 нәтижелі пас берген Никита Баженов, 11 гол және 11 паспен ерекшеленген Евгений Королинский де «Сарыарқада» тағы бір маусым қалатын болды. Одан бөлек, 10 гол мен 27 нәтижелі пас көрсеткіші бар Александр Борисевич те келісімшарт мерзімін ұзартты. Бұл ойыншылардың барлығы былтырғы маусымда тұрақты нәтиже көрсетіп, клубтың жалпы ойынына оң әсерін тигізген.
Команда құрамындағы жас шабуылшысы Виталий Божко да жаңа маусымда «Сарыарқаның» намысын қорғамақ. Өткен маусымда 5 ойынға қатысып, өз мүмкіндігін көрсеткен. Ал қорғаныс шебінде тәжірибелі Ярослав Хрипков ойынын жалғастырады. Ол былтырғы маусымда 43 матч өткізіп, қорғаушы болса да 3 шайба мен 7 нәтижелі пас шығарған.
Құрамдағы осындай өзгерістерге қарап, клубтың жаңа маусымға тыңғылықты әрі жүйелі дайындалып жатқанын аңғаруға болады. Команда басшылығы ойыншылардың тәжірибесі мен тұрақтылығын ескеріп, алдағы маусымнан зор үміт күтіп отыр. Ал, хоккей жанкүйерлері жаңа маусымды асыға күтуде…
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»