«Шаңырақтың» қолдауымен 35 отбасы баспаналы болды
Отбасы қоғамның алтын діңгегі. Шаңырағы биік елдің еңсесі де тік болары кәдік. Ал, сол шаңырақ шайқалмай, әр әулеттің түтіні түзу ұшуы үшін мемлекет пен қоғамның бірлесе атқарып жатқан ісі де аз емес. Соның бір жарқын көрінісі – «Талбесік» көпбалалы аналар одағының бастамасымен құрылған «Шаңырақ» көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау орталығы. Бұл мекеме 5 жылдан бері сансыз отбасыға қолдау көрсетіп, арқасүйер тірегіне айналып отыр.

Аймақта отбасы құндылықтарын нығайтып, тұрмысы төмен және көпбалалы жандардың қамын күйттеген ордалы «Шаңырақ» орталығы бүгінде оңды қадамын нықтап келеді. Қиын жағдайға тап болған көпбалалы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған немесе әлеуметтік мәселеге душар болған отбасыларға жан-жақты қолдау көрсету – орталықтың басты мұраты.
«Шаңырақ» орталығының ерекшелігі – «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеуі. Яғни, мұнда келген әр отбасы бір жерден-ақ түрлі бағыттағы көмекке жүгіне алады. Бұл арқылы уақыт та үнемделіп, қызметтік қарым-қатынас та жеңілдейді.
Орталық мамандары одан бөлек, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі, түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысты пайдалы кеңес береді. Тұрмыстық дау-дамай туындаса, медиативтік жолмен (сотқа дейінгі шешім) шешуге бар күш-жігерін салады. Сонымен қоса, отбасылық қарым-қатынасты нығайтуға жол ашқан психологиялық тренингтер ұйымдастырылады. Ал, заңгер маманның кеңесі арқылы алимент, мүлік бөлу, тұрғын үй мәселелері сынды түйткілдің түйіні тарқатылады.
– Біздің ұстанымымыз – әр отбасының шаңырағын шайқалтпай, берік сақтап қалу. Қазіргі таңда жобамыз Қарағанды қаласынан бөлек, Қарқаралы және Шет аудандарында да жанданып келеді. Біздің орталықта тек бір бағыт бойынша ғана емес, бірнеше қызметке қатарынан жүгінуге болады. Сондықтан, біз психологиялық, әлеуметтік, заңдық тұрғыдан қолдауды бір жүйе арқылы ұсынып отырмыз, – дейді «Шаңырақ» орталығының жетекшісінің орынбасары Әсел Төреханова.
Бұған қоса, орталық мәдени іс-шаралар мен семинарлар ұйымдастырып, отбасыларды қоғамдық өмірге бел шешіп араласуға үгіттейді. «Шаңырақ» арқылы әр шаңырақ тек материалдық емес, рухани тұрғыда да қолдау табады.
Орталық қызметтері кешенді түрде қолға алынған. Бірі – психологиялық көмек арқылы жан жарасын емдесе, екіншісі – әлеуметтік бағыттағы кеңестермен отбасының тұрмысын түзеуге атсалысады. Заңгерлер болса, құжат рәсімдеу, алимент өндіру, тұрғын үй мәселелері сияқты күнделікті проблемалардың шешімін табуға оңтайлы жәрдем береді.
Қиындыққа тап болған көпбалалы немесе тұрмысы төмен отбасылар үшін «Шаңырақ» орталығының көмегі айтарлықтай мол. Мұнда көрсетілетін әрбір көмек ықшамдалып, бір арнаға тоғысып, отбасын тұтастай қолдауға бағытталған. Мәселен, орталықтың қолдауымен 35 отбасы баспаналы болды, жүздеген жан жаңа кәсіпке жол ашып, әлеуметтік жағдайын түзеді.
Шаңырақ – қазақ үшін қастерлі ұғым. Қасиетті атауды өз есіміне арқау еткен орталық та бағзыдан қалыптасқан салттан жаңылмай, әрбір отбасының шаңырағының шайқалмауына қарлығаштың қанатымен су сепкендей болсын көмек көрсетуде. «Шаңырақтың» шапағаты талай жанның үмітін оятып, тіршілігіне дем бергені – көңіл қуантарлық игі іс.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»