Ресми

Шаңырақтың шайқалмауын көздейді

Жазалауды емес, тəрбиелеп дұрыс жолға салуды көздейтін ювеналды соттың құзыреті кеңейді. Атап айтқанда, 27 наурыздан бала мүддесіне қатысты заңдардың жекелеген нормаларына өзгерістер енгізіліп, кейбір ережелері нақтыланды. Сəйкесінше, азаматтық істердің бірқатар санаттарын кəмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар, яғни, ювеналды сот қарайды. Демек, ажырасу саны да азая ды деген болжам бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мəслихатында белгілі болды.

Сурет: dzen.ru сайтынан

Облыстың кəмелетке толмағандар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Динара Мутубаеваның айтуынша, кəмелетке толмаған балалары бар ерлі-зайыптылар арасындағы некені бұзу, мүлікті бөлу, бөлек тұратын балалармен қарым-қатынас тəртібін айқындау да – енді ювеналды соттың құзыретінде. Одан бөлек, басқа адамдардан баланы заңсыз алып қоюды, ата-ана құқығын шектеуді жоюды, баланы асырап алуды жарамсыз деп тануды да дəл осы сот қарайды.

– Сонымен қатар, ювеналды сот алиментке қатысты істерді қарап, кəмелетке толмағандардың мұрагерлік құқығын қорғайды. Заңға енгізілген өзгеріс аясында Қазақстан Республикасына заңсыз əкелінген немесе заңсыз ұсталатын балаларды қайтару да аталған соттың міндетіне кірді, – дейді Динара Маратқызы.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, ювеналды сот жазалауды көздемейді. Осы мақсатта өткен жылдың қыркүйегінде «Отбасы соты» пилоттық жобасы тəжірибесін ескере отырып, кеңес беру кабинеттері ашылған болатын. Аталған кабинеттерде түрлі жағдаймен сотқа жүгінген отбасылар уақыттарын да, ресурстарын да жоғалтпастан, жергілікті жерлерде бейіндік мамандардың көмегін тегін ала алады. Ал, енді ювеналды соттың құзыретінің кеңеюіне байланысты медиатордың, отбасылық психологтың, адвокаттың, əлеуметтанушының, наркологтың дағдарыс орталықтарының көмегіне сұраныс артқан.

Сот, өз кезегінде балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мамандармен бірлесіп сот ісін жүргізудің барлық кезеңдерінде отбасы институтын нығайтып, ажырасамыз деген ерлі-зайыптыларға психологиялық көмек көрсетіп, кеңес береді. Некені бұзуды емес, екі тарапты татуластыруды көздеп, ажырасуды азайтуға бағытталған шаралар қабылдайды.

– Ерлі-зайыптылардың ажырасуының нақты себептері анықталғаннан кейін ювеналды соттың отбасылық кабинеттерінде профилактикалық əңгімелер жүргізіліп, кеңес беріледі. Қажет болса, психолог көмек көрсетіп, отбасыға қолдау көрсетіледі. Статистикалық мəліметтерге сүйенер болсақ, биыл өткен жылмен салыстырғанда ажырасамын деп келген отбасылар арасында татуласқандар саны да артып келеді. Мəселен, биыл отбасылық даулардың 91 пайызы татуласумен аяқталды, – дейді Динара Мутубаева.

Сот төрағасы облыс орталығында биылғы жылдың 9 ақпанында «Қарағанды қаласының отбасын қолдау орталығы» да ашылғанын айтты брифинг барысында. Орталық облыстың кəмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен бірлесе отырып, отбасыларға түрлі көмектер көрсетеді. Яғни, отбасылық дауларды азайту, сондай-ақ, əлеуметтік мəселелер мен проблемаларды шешу бойынша құқықтық, ақпараттық, психологиялық көмек көрсетеді. Басты мақсат – сотқа жеткізбей, отбасын сақтап қалу.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button